ТҮРКІСТАН: Сарыағашта үйінен кетіп қалған 11 жасар бала Шымкенттен табылды

0
818

Жасөспірім бұған дейін де үйінен бірнеше рет кетіп қалған.


ТҮРКІСТАН: Сарыағашта үйінен кетіп қалған 11 жасар бала Шымкенттен табылды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Сарыағаш ауданында 6 күн бойы үйіне оралмаған 11 жасар жасөспірім Шымкент қаласынан табылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сарыағаш ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелет жасына толмаған ұлының белгісіз бағытқа үйінен шығып кетіп, бір апта бойы табылмағандығы туралы арызданған.

Алты күн бойы өзі іздеп, таба алмаған анамен тілдескенде баланың үйінен кеткеннен кейін 2 күннен соң хабарласып туысының үйінде екендігін айтқаны, алайда кейіннен анасы қайта қоңырау шалғанда туыстары оның келмегенін айтқан. Сонымен қатар, полицейлер анасынан отбасы туралы барлық мән-жайды сұрастырып, ешкімге айтпастан үйінен шығып кету әрекеттерін жасөспірімнің бұған дейін де бірнеше рет қайталағанын анықтаған. Жасөспірімнің әкесі отбасынан бөлек тұрғандықтан бала оны іздеп жиі жолға шығып кететін болған. Жасөспірімнің әкесінің анасынан бөлек тұратынын және Шымкент қаласының жергілікті тұрғыны екендігін анықтаған полицейлер, сол жақтағы іздеу жұмыстарын да қолға алады.

Сарыағаш АПБ-нің бүкіл жеке құрамы жұмылдырылған полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс шараларының нәтижесінде 11 жасар жасөспірім бала Шымкент қаласы Темірлан үлкен жолының бойындағы әуежайдың аялдамасынан табылған. Тексере келе, баланың бір апта бойы әкесінің алыс туыстарының үйінде жүргендігі анықталды.

Тәртіп сақшылары баланы полиция бөліміне жеткізіп, арнайы психолог мамандарының көмегімен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, баласын аман-есен анасына табыстады.