ТҮРКІСТАН: Сарыағашта жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып жатыр

0
546

Өнімдерін еліміздегі басқа да облыстарға саудалап жатыр.


ТҮРКІСТАН: Сарыағашта жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып жатыр

Сарыағаш ауданында жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ауданда жылыжай шаруашылығы жылдан-жылға аса қарқынмен дамып келеді. Қазіргі таңда аудан диқандары көкөністерді өсіріп, көктемгі нарыққа шығаруға дайындалып жатыр. Солардың бірі – Қабланбек ауылдық округі аумағындағы «Занджаниджад» шаруа қожалығы.


Аудан әкімі Арман Абдуллаев «Занджаниджад» шаруа қожалығына қарасты жылыжайға арнайы барды. Шаруақожалық төрағасы Рустем Занджаниджад аудан әкіміне жылыжайдағы егін егу барысын баяндап, өсіріп отырған өнім түрлерімен таныстырды.


«Жылыжай шаруашылығымен айналысу өте қиын. Өйткені үлкен төзім мен еңбекті талап етеді. Жылыжайды жылы ұстау, ауа райының түрлі сынақтарынан өнімді аман сақтау оңай емес. Желтоқсан айында жылыжайға көшетін отырғыздық. Осы айда өнім аламыз деген үміт бар. Бүгінгі таңда жылыжайда қызанақ және гүл өсіру жұмыстары жүріп жатыр», – дейді Рустем Занджаниджад.


«Ауыл шаруашылық өнімдері - тұрғындардың басты азығы. Аудан тұрғындарын ауыл шаруашылық өнімдерімен толығымен өзіміз қамтуымыз керек. Мемлекет қолдауы жылдан-жылға артып келеді. Мүмкіндікті дұрыс пайдалану арқылы, шаруақожалықты үлкен мекемеге айналдыруға болады. Бұл бағытта жұмыстарыңызды тоқтатпаңыздар», - деді шаруашылық жұмысымен танысқан аудан басшысы.


Айта кетсек, шаруақожалық төрағасы 1,5 га аумаққа жылыжай тұрғызып, бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Қызанақ және гүл өсірумен айналысатын жылыжайда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аталған жылыжай жылына 12 мың түп гүл және 200 тонна қызанақ өндіруге қуатты. Өнімдерін еліміздегі басқа да облыстарға саудалап жатыр.