ТҮРКІСТАН: Сарыағаштықтарды алаңдатқан мәселелер талқыланды

0
405

Сұрақтар мен өтініштерге заң аясында жауап, кеңес берді.


ТҮРКІСТАН: Сарыағаштықтарды алаңдатқан мәселелер талқыланды

Өмірзақ Шөкеевтің Сарыағаш ауданы тұрғындарымен есептік кездесуінде аса маңызды мәселелер қозғалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Сарыағаш ауданы тұрғындарымен есептік кездесуінде аса маңызды мәселелер қозғалды. Ауыл билері, тұрғындар облыс әкіміне инфрақұрылым, жайылым жер, ағын су, мектеп салу және өзге де мәселелерге қатысты сұрақтар қойды. Өңір басшысы алдымен еліміздегі саяси реформаларға тоқталды.


«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаларын ұсынып, үкіметке, атқарушы органдарға, басшыларға нақты міндеттер жүктеді. Болашақта қандай ел болатынымызды айқындап, Жаңа Қазақстанды құру барысында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алу қажеттігін айтты. Міне, осы реформаларды жүзеге асыруда Конституцияға өзгерістер енгізіледі. Ал осы өзгерістерді енгізуді Президент халыққа тапсырып отыр. Яғни, оеферендум арқылы Ата заңның тағдырын халық шешеді», – деген Өмірзақ Шөкеев Түркістан өңірінде атқарылып жатқан жұмыстарды да баяндап өтті.


«Түркістан облысында ірі зауыттар салынып, үлкен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бірақ жұмыссыздықпен күресудегі ең тиімді жол – шағын және орта кәсіпкерлік. Өз бизнесін бастаймын дейтін азаматтарға былтыр 500 мың теңге көлемінде грант берілсе, биыл ол қаржы 1 миллион 200 мың теңгеге жетіп отыр. Әсіресе ауылда әр тұрғын өзінің үй іргелік жерін тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығымен айналыса алады. Диқандарға су үнемдеу технологиялары түсіндіріліп жатыр. Қолдау көрсетілуде. Өңірде құрылыс пен инвестиция көлемі еселеп артты. Ол деректерді білесіздер. Сарыағашқа тоқталсақ, мұндағы мәселелер де бізге белгілі. Ауыз су, инфрақұрылым түйткілдері кезең-кезеңімен шешіліп келеді», – деді ол.


Кездесуде Қабланбек ауылының тұрғыны су мәселесін көтерсе, Ақжар елді мекенінің биі 4 көшеге асфальт төселсе деген өтінішін айтты. Көктерек кентінің тұрғыны электрмен қамтуды талап етті. Өңір басшысы бұл үш мәселе де шешілетінін мәлімдеді. Өгем жақтан су электр станциясын салу жоспарланғанын, сол су көзі Сарыағаш, Келес және оңтүстіктегі өзге аудандарға бағытталатынын мәлімдеді. Сарыағаштағы көпқабатты үйлерді кәріз жүйесімен қамту ісі де бақылауға алынып, шешілетін болды. Екі жоба қаралып, соның бірі қолданылмақ. Жылға ауылының тұрғынына мектеп мәселесі шешілетіні айтылса, Қабланбектегі мектеп күрделі жөндеуден өтетіні де айтылды.


Сондай-ақ, кездесуден кейін облыс әкімі бір топ тұрғынды өтініштері бойынша жеке қабылдады. Қабылдауда мектеп салу, Көктеректегі кәріз жүйесі мәселесі, амбулатория салу және өзге де ұсыныстар берілді. Облыс әкімі Көктеректегі кәріз жүйесіне қатысты мәселені қатаң бақылауға алып, мердігердің жұмысы қадағаланатынын жеткізді. Өзге сұрақтар мен өтініштерге де заң аясында жауап, кеңес берді.


Былтыр Сарыағаш ауданында жалпы өнім көлемі 193,6 млрд. теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 4,9%-ға артты. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 47 мың тонна астық пен дәнді дақылдар, 850 тонна бұршақты дақылдар, 2020 тонна майлы дақыл, 27 мың тонна бақша өнімі, 92000 тонна картоп өсірілді. Жаңадан 31 гектарға жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 683,2 гектарды құрады. Мал мен құс басы және өнімділік 4-5%-ға артты. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 1011 гектарға 499 жоба жүзеге асырылып, 71 мың тонна көкөніс жиналған. 51,3 мың шаршы метр тұрғын үй берілді. жалпы 81 көшенің 131,5 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауданды ауыз сумен қамту көрсеткіші 62,7%-ға жетсе, электр қуатымен қамту 98,6%-ды құраған. Биыл газбен қамту үлесін 79,1%-ға жеткізу жоспарланып отыр.