ТҮРКІСТАН: Шардарада саябақтар қирап, мал жайылымына айналған

0
2 766

Саябақтарға уақтылы күтiм жасалмағандықтан қоқыс толып, шөп басып, бейнекамералары түгелдей дерлік істен шыққан.


ТҮРКІСТАН: Шардарада саябақтар қирап, мал жайылымына айналған

Шардара қаласындағы әрбір саябақты жеке-жеке аралаған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай тиісті сала мамандарына бірқатар сын-ескертпелер айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгінде Түркістан облысы Шардара қаласында қонақтар мен тұрғындардың серуен құруына арналған онға тарта саябақ бар. Осы демалыс орындарының жай-күйімен танысу үшін аудан әкімі бастаған тиісті сала мамандары саябақтарды аралап шықты.

«Тұңғыш Президент», «Бекзат Саттарханов», «Тәуелсiздiк», «Ұлы дала», «Тың игерушiлер» саябақтарында болған аудан басшысы мұндағы жұмыстардың нәтижесіне сын айтты.

Себебі, саябақтарға уақтылы күтiм жасалмағандықтан қоқыс толып, шөп басып, бейнекамералары түгелдей дерлік істен шыққан. Сонымен қатар, саябақ iшiндегi ескерткіштер мен бюсттер, демалушыларға арналған орындықтар қирап, су бұрқақтар талан-таражға түскен.

Ең сорақысы – жақын маңында тұратын кейбір тұрғындар саябақтың шөбі шүйгін жерін жайылымға айналдырып, түнімен малдарын арқандап та қоятын көрінеді.

«Саябақтардың мына түрiнен кейiн жұрт неге келмейдi деп сұраудың өзi ұят. Демалыс орындарын ретке келтiру үшiн арнайы отырыс өткiземiз. Саябақтардың барлығына қайтадан жоспар жасап, жұмыс жүргiзуiмiз қажет», - деген аудан басшысы саябақ iшiне халықтың келiп демалулары үшін абаттандыру, аяқжол салу және спортпен айналысуға мүмкiндiктер жасау керектiгiн айтты.