​ТҮРКІСТАН: Шардарада ұстаздар мен оқушылар қаланың 55 жылдығына тарту жасады

0
2 908

Шардара қаласының 55 жылдық мерей тойы аталып өтілді.


​ТҮРКІСТАН: Шардарада ұстаздар мен оқушылар қаланың 55 жылдығына тарту жасады

Шардаралық ұстаздар мен оқушылар қаланың 55 жылдығына мерекелік концерт қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шардара аудандық «Абай» мәдениет сарайында өткен мерекелік шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Шомпиев, қала тұрғындары мен ұстаздар, аудан жастары қатысты.

Мәдениет сарайының ауласынан бастап фоесіне дейін ауданның, қаланың кешегісі мен бүгіні жайлы сыр шертетін тарихи кітаптар мен қолжазбалардың, мектеп ұстаздары мен оқушыларының қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

«Құмын Қыдыр аралаған, шежірелі Шардара бойымен сылдырай ағып жатқан Сырдарияның жағасында бүгін ерекше кешөтіп жатыр. Ғасырлар бойы тылсым жатқан Қызылқұм алқабында қайта түлеп, бұдан жарты ғасыр бұрын құрылған ауданымызбен бірге бой көтерген әсем Шардара қаласына бүгінде 55 жыл толып отыр. Төрт жолдың торабында орналасқан, теңізінде балығы тулаған төрт қақпалы Шардара қаласының айтулы мерекесі құтты болсын!»,- деген Бауыржан Қуанышбайұлы жұртшылықты мерекемен құттықтады, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Салтанатты рәсімнен соң жас өнерпаздар жұртшылыққа концерттік бағдарламаларын ұсынды. Бірі патриотттық әндерді шырқаса, енді біреулері мың бұрала би биледі. Үшінші бірі қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларынан үзінділер оқып, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Ауданның алғашқы игерілу жылдары мен тарихи оқиғаларын бейнелеген театрландырылған көріністер көрсетті.

Айта кетейік, Шардара аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өткен мерекелік шарада аудандық балалар саз мектебі мен аудандық оқушылар үйінің, «Шардара» мектеп-лицейінің, «Б.Соқпақбаев» және «Қ.Сағырбайұлы»атындағы жалпы орта мектептерінің ұстаздары мен оқушылары атсалысты.