ТҮРКІСТАН: Шардаралық мемлекеттік қызметкерлер киелі орындарда болып қайтты

0
1 022

Басты мақсат – мемлекеттік қызметке келген жас мамандар арасында адалдық пен қызметтік этиканы жетілдіру, мемлекеттік қызметтің абыройлы міндет екенін ұғындыру.


ТҮРКІСТАН: Шардаралық мемлекеттік қызметкерлер киелі орындарда болып қайтты

Түркістан облысы, Шардаралық мемлекеттік қызметшілер төл мерекелері қарсаңында облыс аумағындағы киелі орындарда болып, рухани толысып келді деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шара Түркістан облысы әкімі аппаратының бекіткен аудандағы Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін одан әрі жетілдіру бойынша іс-шаралар жоспарына және Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Өзгерістерді өзіңнен баста» акциясы аясында ұйымдастырылып отыр.
Қазығұрт тауындағы «Кемеқалған» шыңындағы ескерткіштің тарихымен, ел арасында айтылатын аңыздармен танысудан бастау алған Шардаралық мемлекеттік қызметкерлердің сапары Қазығұрт тауының етегіндегі Төлеби ауданына қарасты «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» киелі орны мен Сайрам ауданындағы ұлы уағызшы-сопы Қожа Ахмет Яссауидің әкесі «Ибраһим ата», анасы «Қарашаш ана», ұстазы «Арыстанбаб» кесенелерінде болды.
Аялдаған әр кесенеде тарихшы-ғалымдармен, молда, шырақшылармен тілдесіп, өмірлік азық боларлық ғибратты әңгімелер тыңдады. Тек қазаққа ғана емес Орта Азия халқына кеңінен мәшһүр тұлғалардың күнделікті тұрмыста қолданған тарихи жәдігерлерімен, оқыған кітаптарымен, шығармашылық еңбектерімен танысты.
Шағалалы ауданнан шыққан топтың киелі орындарға саяхаты Түркістан қаласындағы «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесімен қорытындыланды. Иісі мұсылманның екінші Меккесі атанған қасиетті жерде Шардаралықтар өмірден өткендердің рухына құран бағыштады. Алладан елдегі ауызбіршілік пен ынтымақтың жоғалмауын тілеп, дұға жасады.