​ТҮРКІСТАН: Шенеуніктер лауазымын пайдаланып браконьерлікке жиі барады

0
2 032

10 айда жүргізілген рейдтер барысында аталмыш инспекция тарапынан заң бұзушыларға қатысты 285 хаттама толтырылып, 3 млн теңге айыппұл салынған.


​ТҮРКІСТАН: Шенеуніктер лауазымын пайдаланып браконьерлікке жиі барады

Шардаралық табиғат қорғаушылары табиғат қорғау заңының осалдығына наразы. Өйткені, кейбір шенеуніктер лауазымды қызметін пайдаланып, заңсыздықтарға жиі барады екен деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Шардара инспекциясы бөлімінің бас маманы Самат Жолдықараевтың сөзінше табиғатты қорғау туралы заң тым осал әрі табиғат қорғау инспекторларының мүмкіндіктері шектелген. Маман мен көлік, браконьерлермен қарсы күреске қажетті құрал-жабдықтар жетіспейді. Соның салдарынан өмірлеріне жиі қауіп төнетініне қынжылған табиғат қорғаушылары әлі де болса заңды нақтылап, күшейту керектігін алға тартады.

«Біздің қарамағымыздағы территориямыз үлкен. Бөлімде 5 маман-инспектор мен екі көлік бар. Қылмыскерлерге қарсы тұрарлық қару-жарағымыз да жоқ болғандықтан рейдтке төртеуіміз бірге шығамыз. Біз бір жақты аралап жүргенде екінші жақта браконьерлер білгенін істеп жүреді. Кейде оларды суда да, құрлықта да қуғанның өзінде жете алмай қалатын кездеріміз көп болады. Сонда да болса жоқтан бар жасап жұмысымызды істеп жүрміз», - дейді Түркістан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Шардара инспекциясы бөлімінің бас маманы Самат Жолдықараев.

Сонда да болса Түркістан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес құзырлы органдармен, табиғатты қорғау ұйымдарымен біргелікте жыл басынан бері «Стоп броконер», «Уылдырық» рейдтік шаралары да тынымсыз жүргізіліп келеді.

Бақылау-қадағалау, жеке және заңды тұлғалардың браконьерлік теріс әрекеттерін тоқтату мақсатында 10 айда жүргізілген рейдтер барысында аталмыш инспекция тарапынан заң бұзушыларға қатысты 285 хаттама толтырылып, 3 млн теңге айыппұл салынған. Табиғатқа келтірілген зиян көлемі 490 мың теңге деп есептеліп, жалпы айыппұлдың 80 пайызы өндірілген.

Сонымен қатар, заңсыз балық аулаушылардан 500 келі балық пен 7 дана суда жүзу құралдары, 4 дана қару мен сексеуіл тиеген бір дана жүк көлігі тәркіленген.

«Біз Түркістан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Шардара инспекциясы бөлімінің мамандарымен рейдке жиі шығамыз. Мақсатымыз әріптестерімізге қолұшын созу, браконьерлермен күресті біргелікте жүргізу, мүмкіндігінше табиғатқа зиян келтірудің алдын алу. Бұл салада инспектор болып істеп келе жатқаныма 6 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында өзінің қызметтік мансабын пайдаланып, заңсыз аңшылық жасаған талай лауазымды тұлғаларды кездестірдік. Оның ішінде осы ауданымыздың орман шаруашылығының да жігіттері бар», - дейді «Охотзоопром» МҚК инспекторы Нуриддин Қасымов.

Сала мамандарының мәліметінше жыл басынан бері табиғатты қорғау заңнамасын сақтамай табиғи бейресурстарды пайдалануды өрескел бұзған 7 азаматтың ісі сотқа өткізіліп, сот шешімі шыққан. Браконьерлер тарапынан жасалатын заң бұзушылықтар өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 25 пайызға азайған.