ТҮРКІСТАН: Солтүстік өңірлерге 2 500-ден астам отбасы қоныс аударған

0
457

Жыл басынан бері облыстан 400-ден астам көшіп барған.


ТҮРКІСТАН: Солтүстік өңірлерге 2 500-ден астам отбасы қоныс аударған

Түркістан облысынан Солтүстік өңірлерге 2 500-ден астам отбасы қоныс аударған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жалпы, «Еңбек» бағдарламасымен Түркістан облысынан солтүстік өңірлерге 2015-2021 жылдар аралығында барлығы 2 533 отбасы (9 617 адам) қоныс аударған. Ал биыл жыл басынан бері облыстан 400-ден астам көшіп барған. Бұл жайлы брифингте Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Меруерт Есембаева айтты.


Өңір бойынша бүгінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырған солтүстікке қоныс аудару бойынша үгіт-насихат шаралары жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде Павлодар облысына көшуге ниет танытқан жанұялар аз емес. Мәселен, жыл басынан бері солтүстік өңірлерге облысымыздан 1 792 мүшесі бар 400-ден астам отбасы қоныс аударған. Оның ішінде, Павлодар облысына 205, Солтүстік Қазақстан облысына 158, Қостанай облысына 20, Шығыс Қазақстан облысына 29 отбасы.


«Бағдарламаның шарапатын көргендердің 50%-ы еңбекке қабілетті жандар, 1%-ы зейнеткерлер, 49%-ы балалар. Аймаққа қоныс аударғандардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысқысы келеді. Мүмкіндігіне қарай жұмыс мәселесін, үй алу қажеттілігін ретімен шешу жолға қойылған. Келісімге сай көшіп келген отбасы мүшелері 5 жыл ауылда тұрақтап қалуы шарт, әйтпесе берілген қаражат мемлекет қазынасына қайтарылуы тиіс», - деді Меруерт Сейтбекқызы.


Тереңкөл ауданындағы жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Мұқановтың айтуынша, Павлодардан 105 шақырым алшақ жерде орналасқан ауданда 35 елді мекен, 12 ауылдық округ бар. Ауданда механизатор мамандығы тапшы. Кез келген тұрғын көшуге ниетті болса, құшақ жая қарсы алуға дайынбыз дейді мамандар. Өз кәсібін ашамын деушілерге егін, мал шаруашылығымен айналысуға жер телімдері ұсыналады.