ТҮРКІСТАН: Тамыз конференциясы онлайн өтті

0
897

Білім саласын дамыту бойынша пікірлерін ортаға салды.


ТҮРКІСТАН: Тамыз конференциясы онлайн өтті

Мақтаарал ауданында онлайн режимде дәстүрлі "Тамыз кеңесі-2020" іс-шарасы өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында "Білім және ғылым: қашықтан оқытудың ерекшеліктері" атты аудандық кеңеске аудан басшысы Бақыт Асанов қатысып, білім саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтады.

"Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Дәстүрге айналған Тамыз конференциясы – ұстаздар қауымы бас қосатын маңызды жиын. Бүгінгі күні – білім беру мазмұнына, оқушы тұлғасы мен педагог қызметіне деген көзқарастар өзгерген кезең. Білім беру ісі – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін ғаламат құндылық"- деді Бақыт Насырханұлы.

Өткен жылғы атқарылған жұмыстарға талдау жасап, алдағы жаңа оқу жылына қойған міндеттерді саралайтын іс-шараға аудан әкімінен бөлек аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков, ауданның прокуроры Ж.Ботабеков, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ә.Сапарбеков, сондай-ақ аудандағы барлық білім мекемелерінің басшылары, білім саласы қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар комитеті мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Онлайн жиын барысында 2019-2020 оқу жылында білім саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы ауданның білім бөлімінің басшысы М.Серикбаев кең көлемде баяндама жасады. Сондай-ақ, Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Д.Әбдіғалиға, Ж.Нұрлыбаев атындағы жалпы орта мектебінің директоры К.Абдироваға және "Үлгілі" балабақшасының меңгерушісі М.Ақбалаеваларға сөз кезегі беріледі.

Кеңесте 4 адам жарыссөзге шығып, ауданда білім саласын дамыту бойынша пікірлерін ортаға салды. Жиын барысында ауданның бас ұстазы М.Серикбаев жаңа оқу жылының міндеттері мен ұсынымдары аудандық БАҚ беттерінде жарияланатынын атап өтті.