Түркістан-Ташкент: Қазақстан-Өзбекстан арасында туындаған су мәселесі шешімін тапты

0
827

Су ресурстарын бөлу жөніндегі Жол картасына қол қойылды.


Түркістан-Ташкент: Қазақстан-Өзбекстан арасында туындаған су мәселесі шешімін тапты

Түркістан облысы әкімдігінің делегациясыӨзбекстанға барып, трансшекаралық су нысандарын басқару, қолдану және қорғау бойынша күрделі мәселені талқылау бойынша жиынға қатысты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған жиын барысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев және Өзбекстан су шаруашылығы министрі Ш.Хамраев екі ел арасындағы су қатынастары саласында ынтымақтастық мәселесі бойынша Жол картасына қол қойды.

Ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өз сөзінде:

"Түркістан облысы вегетация уақытында, яғни ауыл шаруашылығы дақылдарын суару кезінде суға өте зәру. Биылдың өзінде Сырдария өзені бойында жағдай күрделене түскен. Су тапшы. Сондықтан бүгін Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев және Түркістан облысы әкімдігінің делегациясы Ташкентке келіп, келіссөздер жүргізіп жатыр. Өте жақсы келіссөздер жүргізілді. Нәтижелі болды”, - дейді.

Жалпы, Қазақстан тарапының делегациясы бұл іс-сапарда бірқатар мәселені шешуді көздеп отыр. Біріншіден, су ресурстарын бөлу жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Бұл Жол картасында қазіргі жағдаймен бірге, келешекте де күрмеуі қиын мәселелерді қалай шешуге болатын жақтары көрсетілген. Шешімін тапқан екінші мәселе де өте маңызды. Атап айтсақ, шілде айында «Достық» халықаралық каналы арқылы Түркістан облысына үздіксіз су берілетін болды.