ТҮРКІСТАН: Тойхана гемодиализ орталығына айналды

0
748

Кәсіпкер 120 млн теңге жеке қаражатын жұмсаған.


ТҮРКІСТАН: Тойхана гемодиализ орталығына айналды

Түркістан облысы Сайрам ауданында тұңғыш рет гемодиализ орталығы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл - мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асқан жоба. Тойхана ғимаратында заманауи үлгіде жабдықталған медициналық орталық ашқан жергілікті кәсіпкер 120 млн теңге жеке қаражатын жұмсаған. Созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан 80 науқас енді жол азабын тартпай, жақын маңнан ем алады. Диализ залы ең озық медициналық қондырғылармен толыққан. Сайрам ауданында іс - сапармен болған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Мед Алатау» орталығының жұмысымен танысты. Амбулаторлық орталық барлық талапқа сай жабдықталған.

Облыс басшысы аудан әкімі Ұласбек Сәдібековпен бірге Қарабұлақ ауыл округіндегі «Ұлықбек» шаруа қожалығында болып, диқандармен кездесті. Су жинау мұнарасын жасау жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ Ақсукент ауыл округіндегі су мен табиғи газға арналған құбыр «Оңтүстік Қазақстан полимер құбырлары зауытын» аралады. Зауыт қуаттылығы жылына 10 мың тоннаны құрайды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттен қолдау көрген өндіріс орны бүгінде толығымен өзін-өзі қаржыландырып, 33 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнімі ішкі нарықта саудаланады.

Жұмыс сапары барысында Өмірзақ Естайұлы Ақсукент ауыл округіндегі «Sairam Thermal Resort» емдеу сауықтыру кешеніне барды. Жобаның құны – 500 млн. теңге. Мұнда жылына 3 мыңнан астам адам ем қабылдайды.

Сайрамдық санаторий пандемия кезінде дертке шалдығып, қайта сауыққан науқастардың организмін қайта қалпына келтіру үшін арнайы емдік-сауықтыру бағдарламасын әзірлеген. Келушілер негізінен минералды қоспасы бар термиялық минералды сумен емделеді.