ТҮРКІСТАН: Төлебиде «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылды

0
637

Аудан әкімі құрал-жабдықтар мен мектеп формасын табыстады.


ТҮРКІСТАН: Төлебиде «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылды

Төлебилік оқушыларға «Мектепке жол» акциясы аясында көмек берілді , деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев «Мектепке жол» акциясы аясында көпбалала отбасыларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар, мектеп формасын табыс етті. Аудан әкімі Ленгір қаласының тұрғындарының үйін аралап, тұрмыстық жағдайымен танысып, оқушылардың ата-аналарымен кездесіп, қайырымдылық акциясының маңыздылығын әңгімеледі. Елімізде оқушылардың сапалы білім алуына жасалып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Әлемді әбігерге салған індеттің салдарын айтып, ұстаздар қауымына қолдау танытқан ата-аналар еңбегін бағалап өтті. Оқушыларды сапалы білім, саналы тәрбие алуға шақырып, олар еліміздің ертеңі, болашағымыз екенін айтты.


«Қазіргі заманда ақыл-ой бәсекесі ерекше маңызды. Сондықтан, жаңа технологиялар, инновациялық өзгертулер, компьютерлік басқару секілді жаңа заман талаптары арқылы білімдеріңді жоғары сапаға көтеруге мүмкіндіктерің бар», - деді аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы.


Атап өтсек, аудан көлемінде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық шарасы биылғы жылы да жалғасын тапқан. Акцияның мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық жасау, аудандағы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік жасау.