ТҮРКІСТАН: Төлебилік тұрғындарға баспана беріледі

0
482

4520 азамат тұрғын үйге мұқтаж.


ТҮРКІСТАН: Төлебилік тұрғындарға баспана беріледі

Төлеби ауданында тұрғын үй мәселесі бойынша сұрақтарға жауап берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Төлеби ауданында 107 көпқабатты тұрғын үйлер бар болса, оның ішінде 15 үй «Тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ-нің теңгерімінде. Биылғы жылдың көктемінде 6 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға ұсынылса, жыл соңына дейін қалған 3 үйдің құрылысы аяқталып, пәтер кезегінде тұрғандарға беріледі деп жоспарланған.


Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша барлығы – 4520 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекке тіркелсе, оның көп балалы отбасылар санатында -807 адам, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатында – 1934 адам, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері санатында – 1469 адам, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатында – 310 адам бар. Сондай-ақ, бүгінгі таңда қызметтік пәтерге 46 сұраныс түскен. Яғни, ауданда халықты баспанамен қамту мәселесі де өзекті.


Аудан тұрғындарының тұрғын үй кезегіне қатысты сұрақтарына жауап беру мақсатында "AMANAT" партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде, аудан әкімінің орынбасары Серікбаев Лесбек Әуесханұлы аудан тұрғындарының арыз-шағымдары бойынша онлайн-офлайн түрінде қоғамдық қабылдау өткізді.


Қабылдауға келген Ленгір қаласының тұрғыны Саид-Дина Стамқұлова қызметтік пәтерін жекешелендіру бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне өтініш тастағанын, дегенмен бірнеше ай көлемінде мәселе шешімін таппағанын айтып, шағымданды. Лесбек Әуесханұлы аталған жәйттан хабары бар екенін, қазіргі кезде мемлекет балансындағы үйдің құжаттарын реттеу жұмыстары жүріп жатқанын, пәтерді жекешелендіру бойынша бөлімге тапсырылған анықтамаларды зерделеп болған соң, оны тұрғын үй комиссиясын шақырып, оның қарауына ұсынатынын, комиссия мүшелері оны тексеріп, шешімнің нәтижесін қосымша хабарлайтынын жеткізді.


38 жасында 10 баланың анасы атанған Шубина Светлана 2018 жылы аудандық тұрғын үй кезегіне тұрғанын, өзінің балалар үйінде тәрбиеленушісі екенін, бүгінде баспанаға зәру екенін айтты. Светлана Михаиловна отбасымен жақын құрбысының анасының жер үйін паналап жүргенін, ол үйге отбасы мүшелерімен тіркелгендерін, көпбалалы ана болғанымен атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмағандығын да атап өтті. Көпбалалы ананың мұң-мұқтажымен танысқан аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев «Тұрғын үй қатынастары» туралы Заңына сәйкес, пәтерлер тек кезекпен берілетінін, алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғызылатын көпқабатты үйлерден пәтер алу мүмкіндігі бар екенін, дегенмен әр жылдың басында тұрғын үй бөліміне келіп, құжаттарын жаңартып тұру қажеттігін айтып, түсіндірді. Ал, атаулы әлеуметтік көмек көпбалалы отбасыларға емес, көмек әрбір отбасы мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болған жағдайда тағайындалатынын, биылғы жылы әр адам басына шаққанда 25 212 теңгеден төмен табысы бар отбасыларға берілетінін айтты.