ТҮРКІСТАН: Түйе шаруашылығы қарқынды дамып келе жатыр

0
1 152

Әр литрін 1000 теңгеден сатып жатыр.


ТҮРКІСТАН: Түйе шаруашылығы қарқынды дамып келе жатыр

Сайрам ауданында түйе шаруашылығы қарқынды дамуда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Сайрам ауданындағы "Бозінген" шаруа қожалығы түйе шаруашылығын қолға алып, сүт өндіру бағытын дамытып отыр. Қожалық иесі Әбілқасым Мұстафаев түйелерді Түрікменстаннан 2003 жылы әкелген. Отбасылық кәсіппен 5 шақты адам айналысады. Бүгінде 40-тан астам мал басы бар кәсіпкерлер күніне 160-170 литр түйе сүтін сауып, әр литрін 1000 теңгеден сатып жатыр. Жылына 50 тоннадан аса түйе сүтін өндіретін шаруа қожалықтың жем-шөп мәселесі де шешілген, жайылым жері де бар. Олар алдағы уақытта мал басын көбейте түсіп, өнімді түрлендіруді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Сайрам ауданында астық ору науқаны да басталған. Атап өтсек, Қайнарбұлақ ауыл округінде орналасқан «Нұр Көл» ЖШС-ң 4650 гектар жері бар. Оның ішінде егіс алқабы: күздік бидай - 2000 га, арпа - 1000 га, мақсары - 1000 га. Серіктестікте 30-дан астам техника бар болса, 50 шақты адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда астық ору науқаны жүріп жатыр.

Негізі Сайрам ауданы аграрлы өңір. Егін мен мал шаруашылығы қатар дамыған. Шаруалары үздік технологияны да жетік меңгерген. Мәселен, сайрамдық шаруа Батыр Имамов өз үйінің іргесіндегі 10 соттық жеріне қызанақ, картоп, баялдыр, больгар дақылын егіп, жылына екі рет өнім алады. Үй іргелік жеріне тамшылатып суару жүйесін енгізген. Себебі ол үнемді, пайдалы, жер қатпайды, су мен дәрумен - дақылдың түбіне тікелей барады. Жүйені орнатуға небәрі 70 мың теңге жұмсаған. Есесіне қазір өнімін жергілікті базарда саудалап, жемісін көруде.