ТҮРКІСТАН: Түлкібас ауданында аз қамтылған отбасыларға бетперде тегін таратылмақ

0
1 174

10 жерден ашылған шағын цехтарда бір күнде 10 мыңдай бетперде тіге алады.


ТҮРКІСТАН: Түлкібас ауданында аз қамтылған отбасыларға бетперде тегін таратылмақ

Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы 10 ірі мектепте медициналық маска тігетін шағын цех ашылды. Аудан басшылығы білім ұяларындағы еңбек пәні мұғалімдерінің көмегімен бетперде тігуді жолға қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қайырымдылық шараға кіріскен аудандық мектептердің еңбек пәні мұғалімдері мен техникалық қызметкерлеріне жергілікті тұрғындар мен еріктілер көмекке келді. Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мектептен ашылған цехта болды.

Бірнеше рет пайдалануға болатын қорғаныс құралдарын тігу үшін білім ұяларында 200 тігін машиналары орнатылған. Асанбай Асқаров атындағы орта мектептің директоры Шәкір Айнақұлов медициналық қорғаныс құралдарын тігуге мұғалімдердің өздері ниет білдіріп, қол ұшын созғанын айтады. 10 жерден ашылған шағын цехтарда бір күнде 10 мыңдай бетперде тіге алады.

Түлкібас ауданының басшылығы аталған шараға демеушілер тартуда. Барлық қорғану құралдарын жергілікті аз қамтылған отбасыларға тегін таратып беру көзделген. Бетперделерді тігуге қажетті шикізат жергілікті сауда орындарынан сатып алынған. Сапасы мен талапқа сай болуын арнайы сала мамандары бақылауда ұстайды.