ТҮРКІСТАН: ​Түлкібастық батагөй қариялар бата беруден өзара мықтыны анықтады

0
2 078

Жеңімпаз қария «Ең батагөй қария» атанатын болады.


ТҮРКІСТАН: ​Түлкібастық батагөй қариялар бата беруден өзара мықтыны анықтады

Түлкібас аудандық мәдениет үйінде «Батаменен ел көгерер» атты тақырыпта батагөй қариялар арасында бата беруден аудандық байқаудың ақтық сайысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Байқаудың мақсаты: Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Рухани қазына» кіші бағдарламасын іске асыру шеңберінде дәстүрлі баталарды насихаттау. Байқауға ауданға қарасты 15 ауылдық округ, поселкелерден 11 батагөй қарияларымыз іріктеліп, ақтық сынға жолдама алған болатын. Солар бас жүлдені сарапқа салды.

Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Е.Күзембаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қасымбек іс-шараның бар маңыздылығын айтып, байқауға қатысушы батагөй қарияларға сәттілік тіледі.
Тарих тақтасына жазылған көсемдер мен шешендердің тапқыр сөздері бүгінгі ұрпақтың сана-сезіміне ұялап, келешегіне бағыт - бағдар беретін, арман - мақсаттарына жетелейтін өсиет. Оны жеткізушілер сол өнердің қаспағын қырып, сарқытын ішкен аталар. Бабалар өсиетін, сөз саптасын, даналық ұғымын ұрпағына үлгі еткен қариялар аудандық байқауда өз шеберліктерін ортаға салып, 2 бөлім бойынша сайысқа түсті.

Сайыс қорытындысымен бас жүлдені - «Ең батагөй қария» атағын және бас жүлде І- орынды Түлкібас кентінің атынан шыққан Дәулетов Ермахан атамыз, ІІ- орынды Шақпақ ауылдық округінің батагөй қариясы Бейсетаев Ермек атамыз иеленсе, ІІІ-орынды Кемербастау ауылдық округінен Абдалимов Аманбай атамыз қанжығасына майлады.
Іс-шара соңында жүлделі орындардан көрінген қарияларымыз аудандық ардагерлер кеңесінің тарапынан бағалы сыйлықтар және алғыс хаттармен марапатталды.