ТҮРКІСТАН: Тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берілді

0
2 410

Тұрғындар газ, ауыз су, сапалы электр қуатымен қамту, инфрақұрылымды жақсарту, жол, мектеп, аурухана салу мәселелерін көтерді.


ТҮРКІСТАН: Тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берілді

"Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалының көшпелі қоғамдық қабылдауы өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалының көшпелі қоғамдық қабылдауы өтті. Мақсат – облыстық басқарма басшыларын, жауапты өкілдерін, аудан әкімдігіндегі бөлім басшыларын тұрғындармен кездестіріп, олардың мұң-мұқтажын тыңдау, нақты көмек беру. Өйткені кей жағдайда тұрғындар басшылардың қабылдауына кіре алмай, арыздары ескерусіз қалып жатады. Көшпелі қоғамдық қабылдау осы кедергіні жоюға бағытталған қадам десек болады.

Онлайн форматында өткен қабылдауға облыстық басқарма басшылары, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Азат Оралбаев пен бөлім басшылары қатысты.

Қабылдауда оффлайн форматта – 13, тікелей эфир арқылы бірнеше тұрғынның арыз-шағым тыңдалды. Тұрғындар газ, ауыз су, сапалы электр қуатымен қамту, инфрақұрылымды жақсарту, жол, мектеп, аурухана салу мәселелерін көтерді.

Қоғамдық қабылдауда Шұбарсу ауылында халыққа қызмет көрсету орталығын ашу мәселесі көтерілді. Аудан әкімінің орынбасары ауылда кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіліп жатқанын, жақында ғимарат алынып, халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары сол нысанда жұмысқа кірісетінін айтты. Осы арқылы шұбарсулықтар құжаттарын реттеу үшін Темірланға сабылмайтын болды.

Шұбарсулық тағы бір тұрғын Ұ. Баранова немересінің денсаулығын тексерту, мүгедектікке шығару жөнінде шағымын жеткізді. Бұл мәселе де партиялық бақылауға алынды. Аудандағы денсаулық сақтау саласына жауапты басшылар жеткіншекті тексеруден өткізетін болды.

Бөгендік А.Досанов ауылдағы ескі медициналық нысанды кәдеге жарату жөніндегі ұсынысын айтты. Бұл сұраққа Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева жауап берді. Оның айтуынша, аталған ғимараттан оңалту орталығы ашылып, қыркүйек айына дейін пайдалануға беріледі. Бадам ауылы, «Орда» шағынауданында инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі Б.Айдаровтың өтініш де ескерусіз қалмайды. Су, электр мәселелері биыл шешіледі. Сонымен бірге Ұялыжар ауылындағы Ш.Уәлиханов көшесін асфальттеу мәселесі де жуырда шешімін таппақ. Жол мәселесін көтерген Ж.Елтаевқа осындай нақты жауап берілді.

Қоғамдық қабылдауда осы және өзге де сұрақтарға тиісті жауаптар берілді. Әрбір өтініш назарға алынып, жұмыс жүргізіледі.

«Қазір елде мәселе көп. Өкінішке қарай, кейбір азаматтардың өтініштеріне жергілікті органдардан дер кезінде жауап берілмейді немесе кей тұрғындар қайда шағымданарын білмейді. Басшылардың қабылдауына кіруге сәті түспей жүрген азаматтар да бар. Бұл ретте біз "Nur Otan" партиясының көшпелі қоғамдық қабылдауларын өткізу арқылы осы олқылықты жоюға үлес қосып келеміз. Яғни, көшпелі қоғамдық арқылы ел басшыларды емес, басшылар елді іздеп, арыз-шағымдарын тыңдайды. Бүгінде Түркістан өңірінде облыстық және аудан, қалалардағы мәслихаттардағы нұротандық 263 депутат кестеге сай үзіліссіз қоғамдық қабылдаулар өткізіп келеді. Өңірдегі өзекті мәселелер, тұрғындардың ұсыныс-тілектері партиялық бақылауға алынады»,– дейді партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев.