​ТҮРКІСТАН: Заңсыз ауланған 400 келі балық балабақшаларға үлестірілді

0
1 386

Тергеу барысында күдіктілердің үшеуі де жергілікті тұрғындар болып шыққан.


​ТҮРКІСТАН: Заңсыз ауланған 400 келі балық балабақшаларға үлестірілді

Түркістан облысында 400 келі балықты заңсыз аулағандар ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Созақ АПБ-нің полицейлері мен орман шаруашылығы, «Охотзоопром» қызметкерлері бірлескен рейд жұмыстарын жүргізу нәтижесінде Қаратау-Тайқоңыр технологиялық тас жолы бойындакүдікті көлікті тоқтатып, тексеру кезінде ішінен 400 келі заңсыз ауланған түрлі балықтар бары анықталған. Одан бөлек, көлікті тексеру кезінде балық аулауға арналған құрылғылар айғақты зат ретінде тәркіленіп алынған.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау» бойынша тіркелді.

Тергеу барысында күдіктілердің үшеуі де жергілікті тұрғындар болып шыққан. Олар кінәларын толық мойындаған және қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде заңсыз ауланған балықтар Созақ ауданы Шолаққорған ауылында орналасқан мемлекеттік 3 бөбекжай-балабақшаларына үлестіріліп берілді.

Айта кетейік,Түркістан облысында осы жылдың 6-қаңтары мен 5-ақпан күндері аралығында "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізуде. Іс-шараның негізгі мақсаты - табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесу, заңсыз аң аулау мен балық аулау, ағаш кесу және өзге де құқық бұзушылықтарды болдырмау.