ТҮРКІСТАН: «Зер қадірін зергер білер» атты көрме ашылды

0
772

Бұйымдары қолдану тәсілі мен тарихи маңызына қарай 5 бөлімге бөлінді.


ТҮРКІСТАН: «Зер қадірін зергер білер» атты көрме ашылды

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи–мәдени қорық–музейінде «Зер қадірін зергер білер» тақырыбында көрмесі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Көрмеде жылдар бойы музей қорында жинақталған жәдігерлер, қазақ қолөнер шеберлерінің әр өңірдегі өз ерекшелігімен жасалған зергерлік әшекей бұйымдары таныстырылды. Көрмені "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдениқорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев ашып, шараның мақсаты мен тәлім-тәрбие тұрғысынан алатын орны жайлы әңгімеледі.


"Қазіргі таңда қорық-музей қорында жиырма алты мыңға жуық заттай түпнұсқа мұрағаттар мемлекеттік есепке алынған. Оның ішінде этнографиялық жәдігерлер тобында 2778 жәдігер болса,тек зергерлік қолөнер бұйымдарынан 1386 дана құнды мұра бар. Әрбір әшекейдің өзіндік мәні, мазмұны бар. Экспозициядан орын алған зергерлік бұйымдар жеке-жеке тарих, тәрбиенің нағыз өзі, даналықтың дастаны. Осындай көрмелер арқылы өткенімізді ғана насихаттап қоймай, ұлттық ерекшелігімізді де қайта жаңғыртуға күш салуымыз керек", - деді Ерсін Ботабайұлы.


Сондай-ақ, шара барысында қорық-музейдің қор сақтау бөлімінің басшысы Нұржамал Әшірбекова этнографиялық жәдігерлердің идеялық мазмұны мен қолдану тәсілдері, салт-дәстүрімізде алатын орны туралы әңгімелеп берді.


"Әзірет Сұлтан" қорық-музейінде этнография тобындағы қазақтың қолөнер туындылары ішіндегі сырға, шекелік, шашбау, белдік, қапсырма, тана, түйме, алқа, бойтұмар, білезік, жүзіктер және тазалық құралдары-тіс-құлақ тазалағыш күміс әшекейлердің бірін-бірі қайталамайтын бірнеше түрлері бар. Қазақ шеберлері технологиялық тəсілдерінің жеңілдігі мен құралдарының қарапайымдылығына қарамастан, зергерлік әшекей бұйымдарының үздік үлгілеріне жататын өнер туындыларын жасау арқылы ұлы өркениетті мәдениетіміздің бойымызға сіңіре білген тәлім-тәрбиесін, салт-дәтүрімізде пайдаланылып жүрген әшекей бұйымдары мен де көрсете білген. Көшпелі халық мәдениеттің үлгілерін жазусыз, сызусыз ауызекі өнер туындылары арқылы, ою-өрнек, зергерлік бұйымдар арқылы нәзік те әдемі жеткізе білген. Қолөнер бұйымдары алдағы уақытта да ғасырдан-ғасырға жалғасын табатынына дау жоқ", - деді қорық-музейдің қор сақтау бөлімінің басшысы Нұржамал Орынтайқызы.


Айта кетейік, көрме экспозициясындағы зергерлік әшекей бұйымдары қолдану тәсілі мен тарихи маңызына қарай 5 бөлімге бөлінді.