ТҮРКІСТАН: Жағажайдағы жабайы саудаға рейд жүргізілді

0
1 063

Рейд барысында құзырлы орган қызметкерлерін көре салысымен дүңгіршектерін жауып, қашқан кейбір азаматтар көп ұзамай үйреншікті тірліктерін қайта жалғастырды.


ТҮРКІСТАН: Жағажайдағы жабайы саудаға рейд жүргізілді

Шардара ауданы әкімінің бастамасымен «Алтын» және «Күміс» жағажайлардағы жабайы сауда жасаушыларға рейд жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шардара су қоймасы жағалауы ауданға келетін туристердің демалатын негізгі аймағы болғанымен мұндағы жабайы сауда тыйылар емес. Санитарлық талаптарға сай келмейтін орындарда, ашық ауа астында майлы тамақ пісірушілер мен көлеңкелі бизнеспен айналысушыларға қарсы арнайы рейдтік шаралар ұйымдастырылды.

Рейд барысында анықталғандай, «Шардара орман және жануралар дүниесiн қорғау» мекемесiмен 9 жеке тұлға ғана келiсiм-шартқа отырған. Келісім-шарт болғанымен ондағы талаптар мүлдем сақталмаған. Жұмыс жүргiзу тәртiбi мүлдем талапқа сай келмейтін пайда табушылардың шомылушылардан жинайтын ақшалар мен сусындардан, спиртті ішімдік сатудан түскен табыстарынан салықтың төленіп-төленбейтінін де ешкім нақты айта алмады. Қолдарында жеке кәсіпкерлігін растайтын сауда-саттық саласымен айналысушылардың тұтынушыға беруі тиіс фискальді-чектері де болмай шықты. Орын алған заң бұзушылықтарға байланысты кінәлі азаматтарға жауапты мекемелер тарапынан заң аясында шаралар көрілетін болады.

Рейд барысында құзырлы орган қызметкерлерін көре салысымен дүңгіршектерін жауып, қашқан кейбір азаматтар көп ұзамай үйреншікті тірліктерін қайта жалғастырды.
«Біз мұндай рейдтік шараларды жиі-жиі жүргізетін боламыз. Әркім бұлай өз білгенінше сауда жасап, заңсыздықтарға баруына болмайды. Бұлай жалғаса беретін болса жағажай туризмі дамымайды. Тәртіпке бағынбайтындарға заң аясында қатаң шара көріледі», - дейді Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев.