ТҮРКІСТАН: Жанармай тапшылығының алдын алу мәселесі талқыланды

0
366

АИ-92 маркалы бензинінің 6 күнге жеткілікті, дизельдік отынның 8 күнге жеткілікті қоры бар.


ТҮРКІСТАН: Жанармай тапшылығының алдын алу мәселесі талқыланды

Түркістанда жанар-жағармай тапшылығының алдын алу мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімдігінде жанар-жағармай тапшылығының алдын-алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, өзекті мәселелері талқыланған мәжіліс өтті.


Оған Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті, Экономикалық тергеп-тексеру, Полиция департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, Шекара және Кеден қызметі, Көліктік бақылау инспекциясы мен Статистика департаменті өкілдері, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаментінің басшысы және аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Сонымен қатар облыстық жанар-жағар май ассоциациясы мен жанармай тарату операторлары және жанармай құю бекеттерінің иелері қатысты.


Жиынға төрағалық жасаған Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов күн тәртібімен таныстырып, мәселенің өзектілігіне тоқталды.


«Облысымыздың кейбір аудандарындағы жанармай бекеттерінде АИ-92 маркалы бензині және дизель отынына тапшылық байқалуда. Бүгінгі мәжілістің күн тәртібінде өздеріңізбен жанармай тапшылығының алдын-алу жөнінде, кеңесіп, қажетті шешімдер қабылдаймыз», – деді аппарат басшысы.


Жиында Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Әбдіразақова жанармай тапшылығының алдын-алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта мұнай сақтау қоймаларында АИ-92 маркалы бензинінің 6 күнге жеткілікті, дизельдік отынның 8 күнге жеткілікті қоры бар.


Өзбекстан Республикасымен шектесетін Сарыағаш, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарында жанар-жағармайдың шектес елдерге заңсыз сатылымына жол бермеуді қадағалайтын жұмыс тобы міндетін атқарып жатыр. Сонымен қатар облыс аумағында 2023 жылғы 6 сәуірден бастап жанар-жағармай құю станцияларына қатысты рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде біраз кемшілік пен заңсыздық анықталған.


Жанармай құю бекеттерінде есепке алатын бақылау аспаптарының орнатылуы туралы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Бегзат Абдукаримов айтып берді.


Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Алиби Тұрысбаев Жанармай құю бекеттерінде дизель отынына жасанды тапшылықты болдыру мен бағаны негізсіз өсірудің салдары туралы баяндаса, Түркістан облыстық Полиция департаменті, Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Алмас Тастанбеков жүк көліктеріне қосымша жанармай багын орнату жөніндегі заңсыз әрекеттерге қарсы жұмыстарға тоқталды.


Мәжілісте жанар-жағармай станциясының иелері, кәсіпкерлер, облыстық жанар-жағармай ассоциациясының өкілдері өткір мәселелерді қозғап, ұсыныстарын айтты.


Жиынды қортындылаған аппарат басшысы мұнай өнімдерінің бар-жоғы мен бағасына күн сайын мониторинг жүргізіп, облыстық штабқа ақпарат беріп отыруды, бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментімен бірлесіп, жанармайдың жасанды түрде тапшылығын болдырмау, бағаның негізсіз өсуінің алдын-алу жөнінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Мұнай өнімдері нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізіп, бәсекелестікті қорғау, монополистік қызметтің алдын-алуға және жолын кесуге бағытталған шараларды атқаруды ұсынды.


"Аудан, қала әкімдіктері жанармай тапшылығын болдырмау мақсатында жұмысшы топтың жұмысын жандандыруы тиіс. Жанармай тарату операторлары мен жанармай құю бекет иелерінен мұнай өнімдері нарығындағы және басқа да заңдылықтарды қатаң сақтауларыңызды сұраймыз. Сонымен қатар жасанды тапшылық пен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге шақырамын. Адал бизнес пен бәсекелестік, әрдайым мемлекет қорғауында болады, қолдау көрсетеміз. Ал мұнай нарығындағы заңсыздықтарға шаралар қабылданады. Бүгінгі жиында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүргізіледі", – деді Еркеғали Әлімқұлов.


Мемлекеттік кірістер органына жанармай құю бекеттері иелеріне есепке алатын бақылау аспаптары (КПУ) жүйесін міндетті түрде орнату және жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу, Полиция департаментіне, тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралдарына қарсы тұрақты түрде рейдтік шаралар ұйымдастыру тапсырылды.


Құзырлы органдарға облысқа арнайы бөлінген (квотамен) жанармайдың көрші елдерге және өзге облыстарға заңсыз шығып кетуіне жол бермеу мақсатында нақты шаралар қабылдау жөнінде ұсыныстар берілді.