ТҮРКІСТАН: Жекеменшік мектептер мен жатақханаларға қайтарымсыз қаржы беріледі

0
608

Мемлекет пен жекеменшік сектордың әріптестігі негізінде жүзеге асырылмақ.


ТҮРКІСТАН: Жекеменшік мектептер мен жатақханаларға қайтарымсыз қаржы беріледі

Елімізде студенттер үшін 63 мыңнан астам орын-жай қажет, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгінгі таңда елімізде студенттер үшін 63 мыңнан астам орын-жай қажет. Осы сұранысты қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан арнайы жоба қолға алынып отыр. Бұл туралы брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ Ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин мәлімдеді. Оның айтуынша, студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар мемлекет пен жекеменшік сектордың әріптестігі негізінде жүзеге асырылмақ.


«Біз инвесторларды, жеке кәсіпкерлерді мемлекеттің қаржылық қолдауымен студенттік жатақханалар құрылысына қаржы салуға шақырамыз. Инвестор, оқу орны не кәсіпкер тұлғасындағы жеке құрылыс салушы өз қаражаты есебінен объектіні іске қосуды жүзеге асырады. Объекті сәтті пайдалануға енгізілген жағдайда мемлекет онда мақсатты мемлекеттік тапсырысты орналастырады», – деді Алпамыс Айдарұлы.


Жеке кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен салған жатақханаларға мемлекеттік тапсырыс арқылы студенттер жайғастырылады. Сондай-ақ, жатақхана иелеріне студенттерден жатын орын үшін нарыққа сай ақы алуға да мүмкіндік берілген. Бүгінгі таңда осындай әдіспен 30 630 орындық 124 жатақхана пайдалануға берілді.


Сондай-ақ, білім беру мекемелерінің жетіспеушілігін жою мақсатында жекеменшік мектептерге жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі де қолға алынып отыр. Яғни, кәсіпкер мектеп салып, онда білім алатын әрбір оқушы үшін мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз қаржыға ие бола алады. Спикердің сөзінше, осы бағытта кәсіпкерлердің қызығушылығы артып, нәтижесінде еліміздегі жекеменшік мектептер саны 400-ден асқан.


Одан бөлек, брифингте «Aqyl» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі іске қосылғаны белгілі болды. Бұл мектеп бітіруші түлектердің жоғары оқу орындарында ақылы түрде білім алуына мүмкіндік беру мақсатында құрылған жоба. Яғни, кез-келген ата-ана баласының жоғары білім алуына кепілдік ретінде депозит қаржы жинай алады. Депозитке салынған қаржы банк тарапынан жылына 9 пайызға дейін сыйақы берілсе, мемлекет тарапынан 5-7 пайыз аралығында сыйақы қарастырылған.