ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданында 12 көпірге жөндеу жүргізіледі

0
770

Қажетті қаржы көлемі анықталған.


ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданында 12 көпірге жөндеу жүргізіледі

Жетісай ауданының әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың бекітілген кестеге сәйкес кезекті кездесуі Қазыбек би ауылдық округінде өтті. Жиынды көтерілген мәселелердің орындалу барысымен таныстырудан бастаған аудан басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Ұсыныс-пікірлерін тыңдады.


Аудан басшысының айтуынша, округтегі Алғабас, Таубай ата елді мекендерінің ауыз су жүйлерін қайта құру мақсатында облыстық салалық басқарманың тапсырысымен жерасты су қорына іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, сәулет-жоспарлау тапсырмасын әзірлеу үшін қажетті жер телімін бөлдіру бойынша Қазыбек би ауылдық округі әкіміне сұраныс хат жолданса, К-26 каналы арқылы өтетін Құрбан ата, Алғабас, Қазыбек би, Жамбыл, Ә.Оспанов елді мекендердегі 20 көпірге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 8 көпірдің жағдайы қанағаттанарлық, ал, 12 көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екендігі анықталған. Қазіргі таңда, жөндеу жұмыстарын қажет ететін көпірлерді қайта қалпына келтіру мақсатында, ақау актісі түзіліп, сметалық құжаттамалары жасақталуда.


Сонымен қатар, елді мекен ішіндегі тозығы жеткен тік дренаждар анықталып, қазіргі таңда коммуналдық меншікке алу үшін жер теліміне құқық беретін мемлекеттік акт алынып, тік дренаждарды орнату жұмыстарына СЖТ (АПЗ) жасақталуда. Серік Үсенұлы жиында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы тарапынан 2022 жылы Республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының бойындағы Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Алғабас елді мекенінің тұсында көлік құралдарының жылдамдығын автоматты түрде фототіркеуге алатын «Сергек» камераларынығ орнатылғанын, аталған камераларды Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Ә.Оспанов елді мекенінің тұсына және қосымша қауіпті аймақтарға орнату үшін сұраныс хат жолданып, мәселенің бақылауға алынғанын айтты.


«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2021 жылы Қазыбек би ауылдық округінің орталығы Қазыбек би елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 19,5 шақырымды құрайтын 36 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, аталған бағдарлама аясында Ә.Оспанов, Құрбан ата, Абиболла елді мекендерінің ішкі көшелерін орташа жөндеу мақсатында сметалық құжаттамалары жасалған. Қажетті қаржы көлемі анықталған. Таубай ата, Алғабас, Жамбыл елді мекендерінің де ішкі көшелеріне сметалық құжаттамалар жасақталуда. Жөндеу жұмыстары бюджеттен бөлінетін қаржыларға сәйкес, кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.


Сонымен қатар, аудан аумағынан өтетін облыстық маңызы бар КХ-74 автомобиль жолының бойындағы Ә.Оспанов елді мекенінің тұсына ұзындығы 2 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілерге арнайы жол салу және жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттамасы жасалынып, қажетті қаржы көлемі анықталған.


Алдағы уақытта Құрбан ата, Абиболла, Алғабас, Таубай ата, Қазыбек би, Жамбыл, А.Оспанов елді мекендерінде тұрғындардың өз қаражаты есебінен орнатылған жарықшамдар жергілікті әкімдік тарапынан мемлекеттік меншікке алынып, электр энергиясының шығындары бюджеттен қаржыландыруға ұсынылатын болады.


Ал, Құрбан ата, Абиболла, Алғабас, Таубай ата, Қазыбек би, Жамбыл, А.Оспанов елді мекендеріндегі тозығы жеткен электр бағаналары мен КТП орнату жұмыстары «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС 2023-2027 жылдардағы инвестициялық жобасы аясында жүргізілетін болады.


Кездесу соңында аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, жауапты сала мамандарына хаттамалық тапсырмалар берді.