ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданында тағы бір аллея ашылды

0
2 711

Аллеяның ашылуына «Ынтымақ» жалпы орта мектебінің 1999-жылғы түлектері мен ауыл жастары мұрындық болды.


ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданында тағы бір аллея ашылды

Жетісай ауданында мектеп түлектері мен ауыл жастарының ұйытқы болуымен мемориалдық аллея салынып, ел игілігіне берілді деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жетісай ауданына қарасты Ынтымақ ауылдық округі, Әден ата ауылында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бабаларға тағзым. Татулық» мемориалдық аллеясы ашылды.
Нысанның ашылуына аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков пен «NurOtan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Асауов, аудандық мәслихат депутаттары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Құны 4,5 млн теңгені құрайтын мемориалдық аллеяның құрылыс жұмыстарына «Ынтымақ» жалпы орта мектебін 1999-жылы тәмамдаған мектеп түлектері мен ауыл жастары демеушілік жасаған. Мұндағы мәрмәр тақтайшаларға Әден ата ауылынан шығып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сан салада еңбек еткен ардагерлердің есімі қашалып жазылған.
«Біздің бұл нысанды ашудағы мақсатымыз – бүгінгі жастарымызға ауылымыздан шыққан абыз ақсақалдарымызды үлгі ету, еңбек және өмір жолдарын дәріптеу. Осында демалуға келген әрбір жас аталарымызды танып-білетін болады. Ел үшін еңбек еткен ардагерлеріміздің есімдері осылайша өскелең ұрпаққа өнеге болып қала береді», - дейді демеушілер.
Шараның салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жанұзақұлы аллеяның ашылуына атсалысқан азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаттарын табыстап, құрмет көрсетті. Салтанатты шарадан соң өмірден өткендердің рухына құран бағышталып, ауыл тұрғындарына ас берілді.