ТҮРКІСТАН: Жетісай диқандары 25 тонна қарбыз экспорттауға дайын

0
993

Аудан бойынша 17 мың гектарға бақша дақылдары егілген.


ТҮРКІСТАН: Жетісай диқандары 25 тонна қарбыз экспорттауға дайын

Жетісай ауданында қарбыз пісті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Жетісай ауданында қарбыз пісті. Жетісай ауданы, Атамекен ауылдық округіне қарасты Жемісті ауылында 1 гектар алқаптан 25 тонна қарбыз Ресейге экспортталуға дайын тұр. Қарбыз тамшылатып суғару әдісімен өсірілген.


«Тамшылатып суғарудың пайдасы мол екен. Жыл сайын 6 мың түп егетін едім, осы әдіспен биыл 8 мың түп шықты. Бұл өз кезегінде мол өнім алуға мүмкіндік береді. Тамшылатып суғарудың тағы да бір артықшылығы – тыңайтқыш 5-6 есе аз кетеді. Қол күшін де көп қажет етпейсің. Қарбыздың 60-65 күнде пісетін «Долбый» атты сортын сәуір айында ектік. Қазір бағасын келіссек, 25 тоннадан астам қарбызды үзейін деп жатырмыз. Бұған дейін келісіне 210 теңге ұсынып кетті, бұл бағадан 20-30 теңгеге жоғарылау бағаны көздеп отырмын», – дейді «Атымтай» шаруа қожалығының төрағасы Атымтай Омаров. Қарбыз бір-екі күн көлемінде Ресейге жөнелтілмек.


Айта кетейік, биыл Жетісай ауданы бойынша 17 мың гектарға бақша дақылдары егілген. «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 1100 гектар аумақта 236 жоба іске асырылып жатыр.