ТҮРКІСТАН: Жетісай қаласының 50 жылдығына арналған облыстық жайдарман ойындары өтті

0
3 868

Жетісай қаласының 50 жылдығына арналған қала әкімінің кубогіне арналған жайдарман ойындарына облыстың 11 құрамасы қатысып, бақ сынасты.


ТҮРКІСТАН: Жетісай қаласының 50 жылдығына арналған облыстық жайдарман ойындары өтті

Жүлде қоры 600 мың теңгені құрайтын Жетісай қаласының 50 жылдығына арналған жайдарман ойындарында Түркістан облысының азулы командалары бас қосты деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жетісай қаласы әкімдігі мен “NurOtan” партиясы Жетісай аудандық филиалы, Жетісай аудандық "Жастар ресурстық орталығы" КММ ұйымдастыруымен Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында жайдарманшылар бас қосты.
Аталмыш өнер сайысына “Мақтаарал құрамасы”, “Достық ұландары”, “Жетісай қаласы әкімінің құрамасы”, “Сырдария жастары”, “ШымLife”, “Алақай-Балақай”, “Қызық жігіттер”, “Түркістан құрамасы”, “Төлеби құрамасы”, “Бүгін KZ” пен “Шымкент жастар құрамасы” сынды республикалық және облыстық жайдарман ойындарында өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген командалар қатысты.

Жетісай сахнасында әрбір команда бүгінгі қоғамдағы кемшін тұстар мен артықшылықтарды, бала тәрбиесіндегі осалдықтар мен әлеуметтік желілердегі мәдениетсіздіктерді әдемі, ұтымды әзілдерімен жеткізіп, көрермендерді күлкіге қарқ қылды. Тек күлдіріп қана қоймай ой сала білді.

Жайдарманшылардың өнерін бағалауда әкімдік қызметкерлері мен жайдарман жанашырлары төрелік жасады. Сайыс қорытындысы бойынша әділ қазылардың шешімімен ІІІ орынға ие болған “Сырдария құрамасы” 100 мың теңгеге, ІІ орын орынға ие болған Арыс қаласының “Қызық жігіттер” құрамасы 200 мың теңгеге, ал, жүлделі бірінші орынға ие болған “Шымкент жастар” құрамасы 300 мың теңге мен Жетісай қаласы әкімінің кубогіне ие болды. Мұнан да басқа үздік деп танылған ойыншылар арнайы қаржылай сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.