ТҮРКІСТАН: Жетісайда аналар мен балаларға медициналық көмек көрсетілді

0
1 739

Жетісайда “Ашық есік” күні аясында мыңнан астам адамға медициналық көмек берілді.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда аналар мен балаларға медициналық көмек көрсетілді

Жетісай аудандық орталық ауруханасына қарасты бірнеше ауылдық емханада “Анаға тағзым” атты көпбалалы аналарды қолдау мақсатында “Ашық есік” күні өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жетісай қалалық емханасы мен Мырзашоқы және Жылысу ауылдық емханаларында ауқымды шараға мыңнан астам халық медициналық тексеруден өтіп, дәрігерлік көмек алды. Көпбалалы аналар мен олардың балалары медициналық тексерудің сан алуан түрінен өтіп, зертханалық талдаудан, ультрадыбыстық тексеруден де өткізілген. Тіпті шалғайда орналасқан Мырзашоқы ауылының халқы үшін жылжымалы медициналық кешен қойылды. Ал өздігінен жүре алмайтындарға аурухана басшылығы тарапынан арнайы көлік ұйымдастырылды.

Атаулы шара барысында медицина қызметкерлері: балалар невропатологы, хирург, кардиолог, акушер-гинекологтар, жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен балалар дәрігерлері психолог және әлеуметтік қызметкерлер қабылдау жүргізді. СӨСҚ қызметкерлері келген барлық аналарға ақпараттық танымдық парақшаларын таратып, ана мен бала денсаулығының маңызды екенін, оның ішінде арнаулы екпелерді уақытылы алуы керектігін және тұмау, қызылша, кене, міндетті әлеуметтік сақтандыру және Даму Мед тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шара барысында Жетісай қалалық емханасы мен Мырзашоқы және Жылысу ауылдық емханаларында 800 - ден астам көпбалалы аналар мен 200 - ге жуық балаға медициналық тексеру жасалды.

Олардың ішінде 60 - қа жуық “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иелері дәрігерлік тексеруден өтті. Медициналық тексеру нәтижесінде үш емханаға қарасты 162 адамнан әртүрлі деңгейдегі ауру түрлері анықталды. Олардың барлығы тиісті емін алып, дәрігер бақылауына алынды. Сондай - ақ тексеруге келген барлық көпбалы аналарға сый - сияпат жасалып, балаларға ойыншықтар таратылып берілді. Шараға қатысқан аналар ақ халаттыларға өз ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Іс-шара барысында Жетісай ауданды ауруханасының бас дәрігері м.у.а. Нуржамал Шұлғауова дәрігерлік амбулаторияға тексерілуге келген көпбалалы аналармен жүздесіп, тұрғындардың денсаулығын жақсарту бағытындағы қолға алып отырған жаңа бастамалармен таныстырып, осы мақсатта аурухананың атқарылып жатқан жұмыстары айтылды. Көпбалалы аналар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.