ТҮРКІСТАН: Жетісайда «Босатылған сынып кураторы» жобасы жүзеге асырылатын болады

0
1 906

Өткен оқу жылында көтерілген бұл бастама қаржының жетіспеушілігінен кейінге қалдырылған болатын.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда «Босатылған сынып кураторы» жобасы жүзеге асырылатын болады

Жетісай аудандық білім бөлімінің бастамасымен 2019-2020 оқу жылында жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жетісай аудандық білім бөлімі басшысының сөзінше 2019-2020 оқу жылында аудан мектептеріне жаңа жоба енгізілмек. Түркістан облысында алғаш рет жүзеге асырылуы көзделіп отырған «Босатылған сынып кураторы» жобасына мектептердің қосымша білім беру педагогтары ғана қатыстырылады. Жобаның ерекшелігі - әрбір қосымша білім беру педагогына бір немесе екі сыныптан бекітіліп, әрбір оқушының жүріс-тұрысы, психологиялық жай-күйі, әлеуметтік жағдайы мен қоғаммен қарым-қатынасы жіті бақылауға алынатын болады. Сынып жетекшілік жалақысы мен үстеме ақысы қоса төленетін қосымша білім беру педагогы өзіне бекітілген сыныптардың оқушыларымен, олардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнатып, оқушыларға деген бақылау күшейеді.
«Бұл жоба соңғы кездері жиілеп кеткен кәмелетке толмағандар арасындағы суицид, ерте жүктілік, әлімжеттік, зиянды әдеттерге деген әуесқойлық сынды келеңсіз жағдайлардың алдын алуға үлкен септігін тигізеді. Өйткені, жаңа жобада әрбір сыныпқа бекітілген қосымша білім беру педагогы ешқандай сабақ бермейді, оның міндеті – оқушылардың тәрбиесімен, психологиялық жағдайымен жұмыс істеу. Солай болса да ол мұғалімнің сынып жетекшілік жалақысы үстеме ақысымен төленетін болады», - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев.
Айта кетейік, өткен оқу жылында елді шулатқан Жетісайдағы үш қыздың оқиғасынан кейін көтерілген бұл бастама қаржының жетіспеушілігінен кейінге қалдырылған болатын.