ТҮРКІСТАН: Жетісайда мәдениет саласында атқарылған жұмыстар көп

0
1 960

Жетісай кітапханалары 2358 дана әдеби кітаптармен толыққан.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда мәдениет саласында атқарылған жұмыстар көп

Жетісай ауданында мәдениет және тілдерді дамыту мақсатында жергілікті бюджеттен 228 млн 455 мың теңге қаралған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Жетісай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айтбай Тілесов аудандық БАҚ өкілдеріне жыл басынан бері атқарған жұмыстарының есебі барасында мәлім болады.

Бөлім басшысының мәліметіне сүйенсек Жетісай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне 2018-жылы жергілікті бюджеттен жалпы 49 млн 897 мың теңге қаралған. Ал, 2019-жылы жергілікті бюджеттен аталмыш сала бойынша жалпы 228 млн 455 мың теңге қаралып, бүгінгі таңға бөлінген қаржы бекітілген жоспарға сай толық игерілген.

Биылғы жылға Жетісай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлінген 11 млн 200 мың теңгенің 9 млн 200 мың теңгесі «Жетісай мәдениет үйі» КММ-ға музыкалық аппаратуралар мен сахналық киімдер алуға, мерзімді басылымдарға жазылуға жұмсалса, 2 млн «Аудандық орталық кітапхалар жүйесіне» «Коворкинг орталығын» ашу мен мерзімді басылымдарға жазылуға жұмсалған.

«Жетісай аудандық мәдениет үйінде» және оған қарасты ауылдық мәдениет ошақтарында жыл басынан бері жұмыс істеп келе жатқан 62 үйірмеге 855 адам қатысқан. Ал, әртүрлі деңгейде ұйымдастырылып өткізілген 293 мәдени іс-шарада 18 884 көрерменмен қамтылған.

Сонымен қатар, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты кітапханаларда бүгінгі таңда 325 157 дана кітап болса, оның 168 977-сі қазақ тіліндегі әдебиеттер. Биылғы жылға кітап қорын толықтыруға 520 мың теңге бөлініп, кітапхана сөрелері 2358 дана әдеби кітаптармен толыққан.

Бөлім тарапынан тілдерді оқыту шаралары да қарқынды жүргізілуде. Атап айтар болсақ, жыл басынан бері 55 тіл үйренуші қазақ тілінде, 54 тіл үйренуші орыс тілінде, ал, 72 тіл үйренуші ағылшын тілдерінде оқыған.

Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 32 нысанда 159 қызметкер тұрақты түрде сапалы қызмет көрсетіп келеді.