ТҮРКІСТАН: Жетісайда полиция күніне орай турнир өтті

0
1 445

Екі күнге созылған шараға Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков арнайы қатысып, қатысушыларды мерекемен құттықтап, сайыста сәттілік тіледі.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда полиция күніне орай турнир өтті

Түркістан облысы, Жетісай қаласында «Қазақстан Полициясы күні» мерекесі аясында полиция полковнигі Серікбаев Әбдіғаппар Бердіқұлұлын еске алуға арналған волейболдан және шағын футболдан ерлер арасында спорттық жарыс ойындары ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Тәртіп сақшылары арасында салауатты өмір салтын насихаттауға арналып, Жетісай, Сарыағаш, Мақтаарал, Түлкібас аудандары полицейлері мен Жетісай аудандық сотының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен аудан прокуратурасы, білім бөлімі мен Жетісай ауданы студенттерінен құралған командалардың басын қосқан 2 күндік турнир «Сырдария» университетінің спорт залында өтті.
Аталмыш шараға Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков арнайы қатысып, қатысушыларды мерекемен құттықтап, сайыста сәттілік тіледі.
2 күнге созылған спорттық турнирдің алғашқы күнінде қатысушылар кіші футболдан күш сынасып, шеберліктерін көрсетсе, екінші күнінде волейболдан бақ сынасты.
Алты команда қатысқан футболдың қорытындысы бойынша ІІІ орынға Жетісай аудандық сотының командасы ие болса, ІІ орынға Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің сақшылары табан тіреді. Жүлделі І орын Жетісай ауданы Асықата кенті полиция бөлімшесінің құрама командасына бұйырды.
Ал, 9 команда қатысып, өзара тартысты өткен волейбол ойынында «Сырдария» университетінің студенттер құрамасы ІІІ орынды еншілесе, ІІ орын Түркістан облыстық полиция департаментінің әуе доп шеберлеріне бұйырды. Ұйымдастырушылар тағайындаған турнирдің кубогі мен І орынды Жетісай аудандық полиция бөлімінің сарбаздарының қанжығаларына байланды.
Байрақты бәсеке соңында жеңіске жеткен командалар мен жекелеген ойыншыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылып, қаржылай марапаттар табыс етілді.