ТҮРКІСТАН: Жетісайда ​тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін цех іске қосылды

0
1 408

Қазіргі таңда цех өнімдері ішкі нарықты толықтай қамтуда.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда ​тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін цех іске қосылды

Түркістан облысы, Жетісай ауданында сүттен 20 түрлі өнім алатын жаңа цех іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қарақай ауылдық округі, Сәтбаев елді мекенінде "Медет сүт" ЖШС өз жұмысын бастады. Аталмыш цех тәулігіне 30 тоннаға дейін сүтті өңдейді. Қазіргі таңда бұл цех күніне 3-5 тонна аралығында сүтті өңдеп, одан ірімшік, қаймақ, айран, сыр, сияқты 20 түрлі өнім өндіруде. Цех басшысы Ғалым Олжабаевтың айтуы бойынша алдағы уақытта өнім түрлерінің көлемін арттырып 25-ке дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда аталмыш сүт өнімдері ішкі нарықты толықтай қамтуда.

"Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына жолдауында ауыл шаруашылығы саласына, оның ішінде еңбек өнімділігі мен тауар экспорттауға үлкен мән беру керек деген болатын. Біз қазіргі таңда осы айтылған ұсыныстар бойынша жұмыс жасау керекпіз. Өндіріс көлемін ұлғайтып, сапалы өнім шығаруды күн тәртібінен түсірмей экспортқа шығу жағында естен шығармайық", - деді Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев.

Жиырмаға тарта жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Медет Сүт» ЖШС бүгінде өз қаржысымен ашылғанымен, алдағы уақытта өндірістік қуаттылығын арттыру үшін қосымша қаржыландыруды қажет етеді. Бұл мақсатта тиісті жұмыстар жүргізіліп, аталмыш кәсіпорын қаржы ұйымдарына құжаттар тапсырған. Қайта өңдеуге қажетті сүтпен қамтамасыз ету мақсатында тауарлы сүт фермасын екінші кезеңмен 2020 жылы құрылысын жүргізіп, іске қосуды жоспарлап отыр.