​ТҮРКІСТАН: Жетісайда жаңа мектеп қолданысқа берілді

0
3 158

Бұған дейін ауыл балалары 50 жылға жуық уақыт ыңғайластырылған ғимаратта білім алып келген.


​ТҮРКІСТАН: Жетісайда жаңа мектеп қолданысқа берілді

Түркістан облысы, Жаңа дала ауылында 300 орындық заманауи жаңа мектеп ғимараты ел игілігіне тапсырылды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жетісай ауданы, Ш.Ділдәбеков ауылдық округіне қарасты Жаңа дала ауылындағы 300 орындық “Жаңа дала” мектебінің құрылыс жұмыстары өткен жылдың шілдесінде басталған. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп, жоспарға сай аяқталып отыр. Мектепте заманауи жабдықтармен қамтылған лингафон, химия, биология, физика және информатика сынды 27 сынып кабинеттерімен қатар ұлдар мен қыздарға арналған еңбек пәні кабинеттері, спорт залы мен асханасы да қарастырылған. Мұнан бөлек 2 мектеп алды дайындық тобы бар.

Ғимараттық салтанатты ашылу рәсіміне Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев пен мектептің алғашқы түлектері, ауыл тұрғындары қатысты.

“Ақын да, әкім де, қарапайым жұмысшы да – бәрі-бәрі мектептен хат танып, мектептен білім алып шығады. Әрбір тұлғаның болашақта таңдар өмірлік, кәсіби жолы осы мектептерде қалыптасады. Міне, осы жағдайды жақсы білетін мемлекетіміз өскелең ұрпақтың біліміне баса назар аударып, ерекше қамқорлық көрсетуде. Балаларымыздың алаңсыз білім алуларына барлық жағдайы жасалған осындай мектептер салуда. Сондықтан, құрметті ұстаздар, жаңа мектептер – сіздер мен біздерге үлкен жауапкершілік жүктейді” деген аудан басшысы жұртшылықты мектептің жаңа ғимаратының ашылуымен құттықтап, құрылыс жұмыстарын жүргізген жергілікті “Нүрі-Л-Жетісай” ЖШС басшысы Мұрат Байтелиевті “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапаттады. Иығына шапан жауып, алғысын білдірді.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиевтің мәліметінше “Жаңа дала” жалпы орта мектебі аудандағы 65-ші типтік мектеп. Айдың соңына дейін тағы бір мектепті тапсыру жоспарланып отыр.

“Бүгінде аудандағы 70 мектептің 65-і типтік үлгіде. Биылға тағы біреуі бар тапсырылатын. Ал, 2020 жылдың соңына дейін ауданда ыңғайластырылған мектептер қалмайды деп жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде “Тұран”, “Ш.Уәлиханов” және “С.Ерубаев” мектептерінің құрылыстары жүріп жатыр”, - дейді ауданның бас ұстазы.

Айта кетейік, 50 жылға жуық ыңғайластырылған ғимаратта білім алып келген ауылдың 482 баласы жаңа мектепте білім алса, 36 бүлдіршін мектепалды дайындық топтарында тәрбиеленетін болады.