ТҮРКІСТАН: Жетісайда жауыннан апатты жағдайға түскен пәтер иелеріне қаржылай көмек беріледі

0
1 189

Жетісай ауданы төтенше жағдайлар комиссиясының отырысында жауыннан зардап шеккен тұрғын үйлердің мәселесі қаралды.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда жауыннан апатты жағдайға түскен пәтер иелеріне қаржылай көмек беріледі

Жетісай қаласы, Амангелді көшесіндегі көп қабатты пәтер иелерінің мәселелерін оңды шешу мақсатында Жетісай ауданы төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Сәуір айының соңғы аптасында болған нөсер жауыннан Жетісай қаласы, Амангелді көшесінің бойындағы 140 пәтері бар көп қабатты 7 үйдің тұрғындарының мәселелері туралы "Жетісайда толассыз жауған жауыннан көпқабатты үйлер жерге батып барады" атты материал жарияланған болатын. Бүгінде аталған оқиғаға байланысты Жетісай аудандық төтенше жағдайлар комиссиясы жиынға келген пәтер иелерімен кездесті. Әр пәтердің фото, видео мәліметтерін жеке-жеке талдады.
Комиссия отырысына қатысқан Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев апатты жағдайлар орын алған әрбір пәтерде төтенше жағдайлар комиссиясы мүшелеріне тыңғылықты жұмыс жүргізуді, пәтерлердің жағдайына нақты баға беруді қадап тапсырды.
Ал, Жетісай қаласының әкімі Тұрышбек Елшібаевқа апатты жағдайлар орын алған үйлерде жалдамалы пәтерлерде тұратындарды уақытша баспанамен қамтуды жүктеді.
Алдағы уақытта аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының отырысында жауын-шашыннан зардап шеккен пәтер иелеріне біркелкі қаржылай көмек көрсету мәселесі қаралып, нақты кімге, қанша суммада көмек берілетіні шешілетін болады.