ТҮРКІСТАН: Жетісайлық ардагерлер арасында жарыс өтті

0
650

Бабы келісіп, бағын сынауға келгендердің көпшілігі 63 пен 90 жас аралығында.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық ардагерлер арасында жарыс өтті

Жетісайлық ардагерлер арасында бильярд пен шахматтан жарыс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ардагерлерін қастерлей білетін жетісайлық жұртшылық Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» орай аудан ардагерлері арасында бильярд пен шахматтан жарыс өткізді. Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, спорт жанашыры Айдархан Өтенұлын еске алуға арналған ауданның ашық біріншілігіне 70-ке тарта ардагер қатысып, өз бақтарын сынады.

Аталмыш сайысты өткізуге Жетісай қаласы әкімдігі мен аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімі, аудандық ардагерлер кеңесі ұйытқы болса, Жетісай аудандық мәслихатының хатшысы, «Жетісай ауданының үстел теннис федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті, меценат Әлихан Айдарханұлы демеушілік жасады. Бабы келісіп, бағын сынауға келгендердің көпшілігі 63 пен 90 жас аралығында.

Жарыстың ашылу салтанатына аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бекарыс Әбіллаев, Жетісай қаласының әкімі Тұрышбек Елшібаев пен спорт ардагері Бақыт Жаңбырбаев, БАҚ өкілдері қатысты. Шаһар басшысы ардагерлерді айтулы мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына бақыт тіледі.

«Бұл жарыстың басты мақсаты – ардагерлерімізге мерекелік көңіл-күй сыйлап, бір-бірімен дидарластыру, бос уақыттарында аз да болса спортпен шұғылдануларына жағдай жасау болды. Біздің бастамамызды қолдап, демеушілік жасаған Әлихан Айдарханұлына, ұйымдастыру алқаларына айтар алғысымыз шексіз. Алдағы уақыттарда да мұндай шараларды ұйымдастыра беру жоспарымызда бар. Бүгінгі мерекелік жарыста жеңіске жеткендер мен белсене қатысқан ардагерлеріміз бағалы сыйлықтармен, арнайы дипломдармен марапатталатын болады», - дейді аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жахангир Айнабеков.

Айта кетейік, аудандағы ардагер спортшылар арасында бұған дейін де волейбол мен кіші футболдан, шахмат пен дойбы ойындарынан бірнеше ашық біріншіліктер ұйымдастырылып өткізілген болатын.