ТҮРКІСТАН: Жетісайлық шаруалар бір жерден 3 өнім алуды меңгеріп жатыр

0
650

Пандемиялық жағдайда да қол қусырып отырған жоқ.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық шаруалар бір жерден 3 өнім алуды меңгеріп жатыр

Жетісайлық шаруалар бір жерден 3 өнім алуды меңгеруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Негізгі күн көрісі аграрлы саналатын Жетісай ауданының шаруа-дихандары әлемдегі пандемиялық жағдайда да қол қусырып отырған жоқ. Аудан экономикасының дамуы мен алыс-жақын аумақтарды ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуді жалғастыруда.


Жетісайлық жер емген жұрт аудан әкімдігінің қолдауымен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы айтқан бір жерден 2 өнім алу ісін кеңінен жүзеге асыруда. Ағын суды үнемдей отырып өнім көлемін арттыру мақсатында тамшылатып суғару әдісі де кеңінен қолға алынып келеді.


Тамшылатып суғарудың тамашасын көріп отырған шаруа қожалықтарының бірі – Жетісай ауданына қарасты Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде орналасқан «Рахман» шаруа қожалығы. 20 жылға жуық бақша дақылдарын егумен айналысатын қожалық төрағасы Руслан Құдайқұловтың иелігінде 7,5 гектар жер бар. Биылғы жылы шаруа бірінші өнімге 1,5 гектарға қырыққабат, екінші өнімнің 3 гектарына болгар бұрышын және 3 гектарына қарбыз еккен. Енді, үшінші өнімге маш егуді жоспарлап отыр.


«Тамшылатып суғару әдісін қолдану алғашында үлкен қорқыныш туғызды. Өйткені, 20 жылға жуық беткейлетіп суғарып үйреніп қалған бізге жаңашыл тәсіл таңсық болды. Мамандармен, әкімдіктегілермен ақылдасып, тәуекелге бел байладым. Міне, өздеріңіз көріп отырғандай өнім жақсы, ағын су да тапшылық туғызбады. Жұмысшы күшін де жылдағыдай қажетсінбедім. Беткейлетіп суғарғанда біт тәклік суғаратын егістікті тамшылатып суғару арқылы 5 сағатта суғарамын. Өнім де Аллаға шүкір, жақсы» дейді «Рахман» шаруа қожалығының төрағасы Руслан Құдайқұлов.


Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Абуовтың айтуынша ерте пісетін қарбыздың алғашқы 2 мың тоннасы, 200 тоннаға жуық қауын, 1500 тоннаға жуық қызанақ, қияр, болгар бұрышы мен баклажан секңлді түрлі көкөніс дақылдарынан өнім жиналған. Мың гектарға жуық жерден 2 өнім алынады деп жоспарлануда.


Айта кетейік, елдегі карантиндік ахуалға қарамастан жетісайлық шаруалардың 5 айда өндірген ауыл шаруашылығы өнімі 7,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 1,2 млрд теңгеге артқан. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 725,9 млн теңге, тамақ өнеркәсібіне 30,2 млн теңге инвестиция тартылған.