ТҮРКІСТАН: Жетісайлық спортшылар жеңіспен оралды

0
498

Жарыста спорттың 15 түрінен еліміздің 14 облысының құрамасы күш сынасты.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық спортшылар жеңіспен оралды

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында «Ақ Бидай» республикалық VII ауыл спорты ойындары өткен болатын, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетімен бекітілген спорттық-бұқаралық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 2021 жылдың 10 – 20 қазан күндері аралығында Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында «Ақ Бидай» республикалық VII ауыл спорты ойындары өткен болатын. Жалпы спорттың 15 түрінен еліміздің 14 облысының құрама командалары бақ сынаған байрақты бәсекеде Түркістан облысының спортшылары жалпы командалық есепте жүлделі І орынды иеленді.


Облыс құрамасы сапында өнер көрсеткен жетісайлық жүлдегерлерді бүгін Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Әлихан Утанов қабылдап, жеңістерімен құттықтады. Алдағы спорттық мансаптарына сәттілік тіледі.


«Сіздердің жеңістеріңіз ел Тәуелсіздігі аясында ауданымыздың жұртшылығына үлкен тарту деп есептеймін. Бұл жарыста сіздер тек ауданның ғана емес облыстың мерейін асырып, республикаға паш еттіңіздер. Жетісайда салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спорттың даму деңгейін көрсеттіңіздер, жылдар бойы жасап жүрген жаттығуларыңыздың нәтижесін бағамдадыңыздар. Қашан да жолдарыңыз ашық, жеңісті күндеріңіз көп болсын!», - деді аудан басшысы.


Айта кетейік, облыс құрамасы сапында өнер көрсеткен жетісайлық спортшылар Дәулет Мұхаметали, Айтболат Қонысбай және Жарқынбек Мырзақұл үстел теннисінен жүлделі ІІІ орынды иеленді. Футболдан кездесулерде қарсыластарының қақпасының ұрымтал тұсын тауып 20 гол соққан Серікбай Бейбарыс «Ақ Бидай» республикалық VII ауыл спорты ойындарының «Үздік сұрмергені» атанса, Сәкен Орынбеков пен Қуандық Ілімов үздік ойыншы ретінде марапатталды. Ал, волейболдан құрамасында өнер көрсеткен Ербол Ерімбет үздік ойыншылардың қатарынан көрінді.


Салтанатты қабылдау соңында үстел теннисінің жеңімпаздары республикалық турнирдің кубогі мен медалін «Жетісай ауданының үстел теннис федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Әлихан Утановқа сыйға тартты.