ТҮРКІСТАН: Жетісайлықтар канадалық мал тұқымын көбейтіп жатыр

0
1 664

Сүтін аудан аумағына сатады.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлықтар канадалық мал тұқымын көбейтіп жатыр

Жетісайлықтар ірі қараның канадалық тұқымын өсіріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуына, өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, тұтынушыларды табиғи таза өніммен қамтамасыз етуге сүбелі үлесін қосын келе жатқан «Ақ Алтын – Береке» ЖШС канадалық сиырлардың тұқымын көбейтіп отыр.


1990 жылдары кеңестік дәуір құрдымға кеткенде Айдархан Өтенұлының көрегендігімен талан-таражға салынбай сақталып қалған мал фермасында бүгінде 200 бас асыл тұқымды «қара ала Галшин» ірі қара мен 3 мың бас асыл тұқымды қылқан жүнді қисар қойы бар. Олардың 80 басы сауын сиыр болса, 70-і канадалық тұқымнан алынған өгізшелер мен 50-і жас қашар. Әрбір сауын сиыр 15 пен 30 литр аралығында сүт береді. Өндірілген сүт серіктестікке қарасты шағын сүт цехында терең өңделіп, Жетісай және Мақтаарал ауданының ауруханаларына, балабақшаларына келісім-шарт негізінде жеткізіп беріп отырады. Артылғанын сауда нүктелеріне өткізеді екен.


Сүтті бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында канадалық ірі қараның тұқымын алдырып, ферманың қолдан ұрықтандыру бекеттерінде көбейтуді жолға қойған серіктестік қысқа дайындықтарын да қамдап отыр. Өз иеліктеріндегі 50 гектар егістіктен 1000 тоннаға жуық майдаланған жүгері паясын дайындаса, 200 тоннадай жоңышқа мен 60 тонна жүгері дәнін сатып алған. Тағы 200 тоннаға жуық кебек сатып алуды жоспарлап отыр.


«Қысқа дайындығымыз жылдағы жоспардың 50 пайызын құрап отыр. Сатып алуға бағасы қымбат. Фермамызға қарасты 50 га жерге егілген мал азығын орып, дайындадық, қалғанын мүмкіндігі барынша сатып алып жатырмыз. Мақсат – қыстан малдарды шығынсыз аман алып шығу", - дейді «Ақ Алтын – Береке» ЖШС бас зоотехнигі Берік Мулкайдаров.


Сиырлардың тууына 10-15 күн қалғанда буаздарын бөлек алып, ерекше күтім жасайды. Туылған бұзауды алғашқы күннен 5 айға дейін бөлек ұстап, күніне 4 литрден сүт беріп отырады. Өгізшелерін 1 жасқа дейін ұстап, 180-200 келі салмаққа жеткенде етке өткізеді.


«Біздегі бұзаулар жаңадан туылғанда 30-35 келі, кейде үлкен сиырлардың бұзауы 40 келіге дейінгі салмақпен туылады. 15 күнде салмақтары 65-70 келіге дейін жетеді. Өгізшелер мен құнажындар қарауы жақсы болса күніне 700-800 грамм салмақ қосып, 16-18 айда 380 келіге дейін салмақ береді. Бұл біздегі қазақы ірі қараға қарағанда 2 есеге көп. Ал, сауын сиырлар салмақ қоспайды, олар бір салмақта тұрады»,- дейді «Ақ Алтын – Береке» ЖШС ферма меңгерушісі Икрам Көмеков.


35 жылдан бері мал шаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқан Икрам Көмековтың айтуынша ірі қаралардың мүйізінің болмауы да олардың салмақ қосуына үлкен септігін тигізеді, себебі, күнделікті жеген жем-шөптің 15 пайызының мүйізге тарауы ғылыми дәлелін тапқан дүние екен. Сондай-ақ, ірі қараның мүйізсіз болуы бір-бірін жарақаттаудың, малшылар мен сауыншыларға дене жарақатын салудың да алдын алуда үлкен маңызға ие дейді.


2003 жылы Шығыс Қазақстаннан әкелінген 50 бас асыл тұқымды ірі қарадан осы деңгейге жетіп отырған ферманың 1500 бас сиыр ұстауға мүмкіндігі бар.