ТҮРКІСТАН: Жетісайлықтар қысқы мал азығын дайындап жатыр

0
743

190 мың тонна қысқы мал азығы дайындалған.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлықтар қысқы мал азығын дайындап жатыр

Жетісай тұрғындары қысқы мал азығын дайындауды жалғастыруда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданында 78 мыңнан астам гектар суармалы жерінің 44 мың гектарына шитті мақта, 21 мың гектарына бақша, 3 мың гектарына көкөніс егілсе, 10 мың гектардан астам алқапқа мал азықты дақылдар – жоңышқа, дәндік және сүрлемдік жүгерілердің дәні себілген. Бүгінде, ауданда егістік алқаптардан жиналған және көршілес аудандардан сатып алынған 190 мың тонна қысқы мал азығы дайындалған.


Мұнан бөлек, аудандағы босаған егістік алқаптарда жергілікті мал өсірушілер Келес, Шардара аудандарындағы жайылымдардағы төрт түлігін өнімін жинап алған жер иелерімен келісіп, жайылым ретінде пайдаланып отыр. Аудандағы төрт түлікке қажетті жем-шөп тапшылығының алдын алу мақсатында аудандағы «Күлпаршын» мал базарының маңында аптасына 2 рет жем-шөп сату жұмыстары ұйымдастырылған. Ол жерлерде Жетісай ауданымен қатар көршілес аудандардың да мал азығы саудаланады.


«Қазіргі таңда бізде жем-шөп қорының нақты есебі жүргізіліп, қысқа қажетті қорды жеткілікті мөлшерде жинап отырмыз. Жем-шөпті мүлдем жоқ деп айта алмаймыз, бар, бірақ, далада, жайылымдық алқаптарда жылдағыдан аз. Жетісай ауданының территориясының басым бөлігі егістік алқап болғандықтан шаруаларымыз босаған егістік алқаптарында малдарын жаюда. Шаруалар өз иеліктеріндегі малдарын босаған егістік алқаптарда желтоқсанға дейін жая алады», - дейді Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбеков.


Төрт түлікті түлетіп, тұрмысын түзеп отырғандардың бірі – жетісайлық «Мәмбай ата» шаруа қожалығының төрағасы Темірхан Тәшімбаев. Ерте көктемнен қара күзге дейін Келес ауданынан жалға алған 500 гектар жайылымдық жерінде бірнеше атар қойы мен жылқыларын, ірі қара малдарын жаятын ақсақал салқын түсісімен аудандағы босаған егістік алқаптарды желтоқсан айына дейін пайдаланады. Қыс ауасында қамдаған жем-шөбін беріп, көкке ілінеді.


«Биылғы жылғы қуаңшылық жем-шөптің ойдағыдай өнім беруінде қиындықтар туғызғанымен қысқа дайындығымыз жақсы. Жетісай және көршілес Шардара, Келес аудандарынан жүгері паясы мен жоңышқа шөбін сатып алдық. Қыстан малды шығынға ұшыратпай, аман-есен шығамыз деген ниетіміз бар», - дейді Темірхан Тәшімбаев ақсақал.


Айта кетейік, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастамасымен шаруалардың жем-шөп сатып алу мәселелерін жеңілдету, оңтайландыру мақсатында арнайы несиелендіру түрлерін ұсынып отыр. Несие көлемі шаруаның қорадағы мал басына қарай есептеледі. Ол үшін «Атамекен» ҰКП филиалдары арқылы қажетті құжаттардың топтамасы мен несиелік талаптарды білуге болады.