Түркістанда 2,5 миллион түп сексеуіл егілді

0
838

2500 гектар жерге 20 мың келі сексеуіл тұқымы себілді.


Түркістанда 2,5 миллион түп сексеуіл егілді

Түркістан қаласындағы 1700 гектардан астам алқапқа 2,5 млн. түп сексеуіл көшеттері отырғызылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайға барар жолдың бойындағы 1700 гектардан астам алқапқа 2,5 млн. түп сексеуіл көшеттері отырғызылды. Тағы 2500 гектар жерге 20 мың келі сексеуіл тұқымы себілді. Ал, 400 гектардан астам алқапқа 125 мыңға жуық жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ, Кентау тас жолының бойындағы 600 гектардан астам жерге 500 мың әртүрлі жапырақты ағаштар отырғызылды.


Сонымен қатар, Түркістан қаласы аумағында «Жасыл белдеу» құру мақсатында отырғызылған орман ағаштарының саны артып келеді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шаһарды айналдыра ағаш егіп, «Жасыл белдеу» құру жұмыстарының барысымен танысты. Сала басшыларына қоршаған ортаны көгалдандыруға қатысты бірқатар кемшіліктерді жоюға уақыт берді. Өңір басшысы саялы жасыл алқапқа айналатын 7700 гектар жерді жасыл желекке бөлеу арқылы шаһардың аптап ыстығы мен ызғарлы желінен қорған құруды көздейтінін талай айтып келеді. Жасыл белдеуге жауаптыларға көшеттерді күтіп-баптау үшін білікті мамандардың көмегіне жүгінуді, суару жүйесін жетілдіруді тапсырды.


Сала мамандарының мәліметінше, отырғызылған жапырақты ағаш көшеттерінің көнімділігі орташа есеппен 65-70 %-ды құрайды, сексеуіл көнімділігі 35-45 пайызды құрайды. Оның басты себебі – ауа райының әр түрлі болуы (көктем айынан бастап күннің ыстығы, желдің ұдайы тұруы, жердің құнарсыздығы және тұзданып кетуі). Жасыл белдеу құру жұмыстары аясында мердігерлермен келісімшарт жасалып, былтыр көктем, күз мезгілінде 1000 гектардан астам жерге жапырақты ағаштардың көшеттері отырғызылған. 2020 жылы күзгі санақтың қортындысы бойынша, отырғызылған көшеттердің көнімділігі (өнімділігі) – 23 пайызды құрайды.


Биыл көктемде мердігерлер 2 мың гектардан астам алқапқа жапырақты ағаш көшеттерін және 2600 гектар алқапқа сексеуіл ағашы көшеттерін отырғызған. Жалпы көшеттер отырғызылған алқаптың көлемі 5 мың гектарға жуық. Сондай-ақ «Жасыл аймақ» КММ-сі күшімен 3 мың гектардан асатын жерге жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды.