Түркістанда "Аtameken Turkistan" микроқаржы ұйымы құрылды

0
474

6 пайыз мөлшерлемемен несие рәсімдей алады.


Түркістанда

Түркістан облысында "Бастау" түлектерінің жобаларын қаржыландыруға бағытталған ұйым құрылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Бастау Бизнес» жобасы аясында бизнес-жоспарын қорғаған түркістандықтар микроқаржы ұйымынан жылдық 6 пайыз мөлшерлемемен несие рәсімдей алады.


Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбековтың айтуынша, "Аtameken Turkistan" МҚҰ "Бастау" түлектерінің жобаларын қаржыландыруға бағытталған.


«Кәсібін енді бастап жатқан азаматтар, «Бастау» жобасының түлектері несие рәсімдеуге құжаттарын жинап, несие алуға өтінімдерін беру қажет. Олар бірнеше салада несие ала алады. Шағын несиені 5 жылға, ал мал шаруашылығы саласында 7 жылға дейінгі дейін рәсімдеуге болады. 2021 жылы ауылдық елді мекендер мен шағын қалалар үшін қарыздың ең жоғары сомасы 7,2 млн. теңге, қалалар мен моноқалалар үшін 18,9 млн. теңгеге дейін беріледі», – деді Тимур Нақыпбеков.


Тек микроқаржы ұйымы несиені тұтынушылық мақсатқа, бұрын алған несиені өтеу, несие берешегін қайта қаржыландыруға, жылжымайтын тұрғын үй, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін сатып алуға бермейді.


Несиеге өтінім беру үшін белгіленген формадағы несие беруге өтініш және клиенттің сауалнамасы болуы керек. Мұнан өзге жеке кәсіпкерлікті немесе заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, өтінім берушінің жеке куәлігі, несие тарихы, банктер мен салық органдарында берешегі жоқтығы туралы анықтамалар, кепілмен қамтамасыз етуге арналған құжаттар болуы керек.


Ауылдық жерде тұратын азаматтар Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына арқылы өтінім бере алады.


Түркістан облысындағы «Atameken Turkistan» микроқаржы ұйымы Түркістан қаласы, Қожанов көшесі 42, «Атамекен» ғимаратының 2-қабаты, 10-кабинетінде орналасқан.