Түркістанда бір түннің ішінде жер телімі 1 млн теңгеге қымбаттап кетті

0
2 608

Бұл күнге дейін 3 млн теңгеге өтпей келген 10 соттық жері бар 2 бөлмелі шағын үй "времянка" 4,5 млн теңгеге бағаланған. Киелі мекен Түркістан облыс орталығына айналғаны туралы сыбыстардан соң-ақ коммерциялық нысандар 30-40 пайызға қымбаттап кеткен.


Түркістанда бір түннің ішінде жер телімі 1 млн теңгеге қымбаттап кетті

ERNUR.KZ. Түркістанда бір түннің ішінде жер телімі 1 млн теңгеге қымбаттап кеткен. Облыс орталығы Түркістан қаласы болады деген әңгіме шыққалы бері 2,5 млн теңгеге бағаланған 10 соттық жердің құны 3,5 млн теңгеге дейін бағаланса, бүгін жер иелері 4 млн теңге сұрап отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ Nur.kz порталына сілтеме жасап.

Бұл күнге дейін 3 млн теңгеге өтпей келген 10 соттық жері бар 2 бөлмелі шағын үй "времянка" 4,5 млн теңгеге бағаланған. Киелі мекен Түркістан облыс орталығына айналғаны туралы сыбыстардан соң-ақ коммерциялық нысандар 30-40 пайызға қымбаттап кеткен.

"Бірақ баға шарықтағанымен, нақты сатып алушылар әлі көрінбейді. Енді ғана ресми статусымыз анықталды. Ендігі жерде сатып алушы да көбейіп, баға бұдан да аспандайды", - дейді риэлторлар.

"Жалға берілетін пәтерлер тәулігіне 3 мың мен 5 мың теңгенің арасында. Көп сатушылар, яғни жерін, үйін сатам дегендер ниеттерінен айнып қалды. Өйткені, бағаның бұдан шарықтарына сенімді. Қаланың кіре берісінде орналасқан жылжымайтын мүлік бағасы бірден шарықтап кетті. Өйткені жаңа орталық, яғни Түркістанның іскерлік-әкімшілік орталығы болатын аумақта жер телімінің бағасы ұшып кетті", - дейді қала тұрғыны, жылжымайтын мүлік саудасымен айналысушы Гүлнәр Ташбулатқызы.

162 мыңнан астам тұрғыны бар Түркістан қаласының жалпы жер аумағы 19 мың 627 гектар. Жаңа мәртебеге ие болған көне шахардың жер көлемі 35 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ.

"Түркістанда адам толып кететініне сенімдімін. Түркістан ол тоғыз жолдың торабы. Темір жол бар. Түркістан "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" бойында орналасқан. Біле білсеңіздер, Қызылорда мен Ақтөбе сынды бірқатар еліміздің қалаларынан арнайы келіп, жеміс жидекті, көкөністі Түркістаннан алып кетеді ,- дейді Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев.

Түрленетін Түркістан қаласы солтүстік, оңтүстік- шығыс бағытына қарай созылмақшы. Сәулетшілер Қожа Ахмет Яссауи кесенесі келбетінің көмескіленіп, яғни жабылып қалмауына баса назар аударып отыр.

Айта кетейік, Түркістандағы азық түлік және киім кешек бағасында әзірге тұрақтылық бар. Мәселен, кәдуілгі азық-түлік дүкенінен қызанақтың келісін 100 теңгеге, картопты 90 теңгеге, өріктің келісін 100 теңгеге сатып алуға болады екен. Ең қымбат, элиталы деген түркістандық ресторанда кешкі ас ішу үшін екі адамға орташа есеппен 20 мың теңге қажет болса, ортаңқол кафеларде 10 мың теңгенің өзі жеткілікті.