Түркістанда «Елбасы – елімнің тірегі» атты мерекелік кеш өтті

0
653

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаты туралы деректі туынды көрсетілді.


Түркістанда «Елбасы – елімнің тірегі» атты мерекелік кеш өтті

Түркістанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елбасы – елімнің тірегі» атты мерекелік іс-шара өтті. Алдымен көпшілікке «Елбасы және Ұлы дала мұрасы» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Тұңғыш Президенттің қызметтік жолы, Түркістанға келген іссапарлары, шетел басшыларымен кездесулерінен суреттер ұсынылған. «Farab» кітапханасында өткен салтанатты жиында LED экран арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаты туралы деректі туынды көрсетілді. Салтанатты іс-шараға қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов жұртшылықты мерекемен құттықтады.


«Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толып отыр. Мемлекетімізді дамытуда Елбасымыздың еңбегі ерен. Қасымызда алпауыт державалар тұр. Солармен келісіп еліміздің шекарасын бекіту деген үлкен жұмыс. Тәуелсіздіктің арқасында тіліміз, дініміз, мәдениетіміз тұғырына қонды. Тәуелсіздікті жариялаумен мәселе шешілмейді. Оны сақтау қажет. Әлемде 5 мыңдай тіл, яғни, 5 мың ұлт бар. Солардың небәрі 200-ден астамында ғана мемекет бар. Сондықтан тұрақтылықты сақтауда, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Елбасы еңбегі айтылуы тиіс. Тұңғыш Президенттің тікелей қолдауымен Түркістанымыз қалай өзгергенін қоғам көріп-біліп отыр», – деген ол еңбегімен дараланған бір топ азаматты Түркістан облысы әкімінің алғысхатымен марапаттады. Олардың арасында медицина, мемлекеттік қызмет, құқық қорғау, спорт, кәсіпкерлік және өзге де салалардың өкілдері бар.


Жиында Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов құттықтау сөз сөйлеп, Елбасының тәуелсіздігімізді нығайту бағытындағы еңбектері туралы баяндады. Кентау қаласындағы №16 Ю.Гагарин атындағы мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Елена Стребкова да бұл күннің маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік тіл елді біріктіруші күш екенін атап өтті.


Мерекелік іс-шарада Түркістан облысының танымал әншілері мен өнер ұжымдары концерттік бағдарламасын ұсынып, отаншылдықты дәріптейтін әндер шырқалды.