Түркістанда «Ер Едіге» этно-фольклорлық тарихи драмасы сахналанды

0
811

«Түркістан маршы» әні Түркістанда алғаш рет орындалды.


Түркістанда «Ер Едіге» этно-фольклорлық тарихи драмасы сахналанды

Түркістанда Ақтөбе облыстық драма театры ұжымының «Ер Едіге» этно-фольклорлық тарихи драмасы көрерменге ұсынылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ақтөбе облысының Түркістан өңіріндегі мәдениет күндері аясында Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры ұжымының «Ер Едіге» этно-фольклорлық тарихи драмасы көрерменге ұсынылды. Қазақ тарихынан сыр шертетін спектакльге облыс тұрғындары мен қонақтары, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты.


Түркістан музыкалық драма театрында жиналған көрермен Едігедей ерен тұлғаның тарихи болмысына бойлап, ұлтымыздың қайраткер ұлдарының ерлігін тамашалады. Алтын Орда хандығының тарихы сахналанды. Отанға деген сүйіспеншілік, аманатқа адалдық, сертке беріктік, бірлік пен ынтымақ насихатталған туынды талғамы биік көрерменнің санасын серпілтіп, рухтарын көтерді. Театр ұжымы сатқындық пен алауыздық елді ыдырататынын санаға сіңіріп, түркілерді бірлікке шақырды.


Пьеса авторы – «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржан, қоюшы режиссері – халықаралық фестивальдер лауреаты Данияр Базарқұлов, режиссері – өнер магистрі Алмат Шарипов. Сонымен бірге Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының қазақ камералық хоры және «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі де қойылымды музыкамен өрнектей білді. Едіге рөлін Мейірбек Шакенов сомдаса, Тоқтамыс ханның бейнесін танымал әртіс, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Мағзом Бақытжанов сомдады. Сондай-ақ Жанар Кемалбаева, Кеңес Кемалбаев, Бағдат Телеуғалиев және өзге де театр әртістері «Ер Едіге» қойылымында өнер көрсетті. Тарихи қойылым соңында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Түркістанның тарихи бағасына тоқталды.


«Түркістан өз алдына облыс болып құрылғанда оған қуанбаған, ол шешімді қолдамаған қарға тамырлы қазақ қалмаған болар, сірә! Аты ежелден аңызға айналған Түркістан өңірі қайта түлеген сәтте ел болып асарлатты. Ақтөбеліктер де үлес қосып, осы отырған әсем ғимаратты тарту етті. Бүгін күллі түркі дүниесінің кіндігі байланған киелі Түркістан топырағына келіп, өздеріңізбен жүздесіп отырғанымды зор мәртебе санаймын. Екі күн бойы өткізіліп жатқан Ақтөбе облысының Түркістан қаласындағы мәдени күндері осымен өз мәресіне жетті. Бүгінгі қойылымның басты кейіпкері елдің тұтастығы үшін жанын пида қылған, мемлекетшіл тұлға – Едігенің бейнесі қай заманға да үлгі. Өзге де кейіпкерлері арқылы сол өткен алтын ғасырдың жарқыраған және көлеңкелі тұстарын салыстыруға мүмкіндік береді. Осы қойылымның алдағы күндері өрісі кеңейіп, түбі бір түркі елдеріне де берер тағылымы мол болары сөзсіз», – деген ол Түркістандағы елеулі өзгерістер мен игі істерге ризашылығын білдірді.


Екі күнге созылған мәдениет күндері Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» сарайындағы «Сәлем, Түркістан» гала-концертімен түйінделді. Сондай-ақ ақтөбелік суретшілердің сурет көрмесі де ұйымдастырылды. Концертте Ақтөбе облысының танымал эстрада жұлдыздары, би топтары, оркестр ұжымдары мен дәстүрлі әншілері өнер көрсетті. Дәстүрлі ән, күйлермен қатар классикалық әншілер шеруі, «Саз» балалар студиясының орындауында «Ақтөбе – алтын бесігім» мюзиклі шырқалды. Ақын Ә.Асылбековтың өлеңіне жазылған композитор Б.Оралұлының «Түркістан маршы» әні Түркістанда алғаш рет орындалды.


Осылайша, екі күнге созылған «Ер түріктің бесігі Түркістанға – Алтын бесік Ақтөбеден» атты мәдениет күндері жоғары деңгейде өтіп, түркістандықтар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Екі өңірдің арасын байланыстырған рухани керуенге Түркістан жұртшылығы алғыстарын жеткізді.