Түркістанда «Кәдімгі заттар» көрмесі ашылды

0
522

Түркістан облысы көпбалалы аналар саны бойынша көш бастап тұр


Түркістанда «Кәдімгі заттар» көрмесі ашылды

Түркістан қаласында әйелдер құқығын қорғау бағытында «Кәдімгі заттар» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгінде әйел құқығын қорғау мәселесі бүкіл әлемде өзекті болып тұр. Статистика бойынша әлемде әрбір үшінші әйел өмірінде кем дегенде бір рет физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Қазақстанда пандемия кезінде тұрмыстық жанжалда кісі өлтіру, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты полицияға жүгіну саны анағұрлым өскен. Бір қуанарлығы, Түркістан облысында әйелдердің құқығын қорғау, оларға жан-жақты көмектесу бағытында халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс атқарылып келеді.


Өңірдегі адам құқығын қорғау бағытындағы тың жобалардың жүзеге асуының нәтижесінде Түркістан облысының бастамалары БҰҰ өкілдері тарапынан оң бағаланды. Бүгін осы ынтымақтастық нәтижесінде Түркістанда БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестіруші кеңсесі, ЮНФПА, «БҰҰ – әйелдер» құрылымы және «STEPPE» интернет-басылымының бірлескен іс-шарасы өтті. «Кәдімгі заттар» көрмесіне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысты.


Көрменің мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудару. Экспозицияда бір қарағанда қарапайым болып көрінетін стакан, кітап, аяқ киім және өзге де заттар ұсынылған. Бірақ әрқайсысының артында зорлық-зомбылыққа тап болған, ал кейбір жағдайларда оның құрбаны болған адамның шынайы тарихы жатыр. Сондықтан бұл көрмені халық саны көп Түркістан облысында өткізу таңдалған. Жиында облыс әкімінің орынбасары іс-шараның маңыздылығына тоқталды.


«Гендерлік зорлық-зомбылықпен күресуге арналған көрменің Нұр-Сұлтан мен Женева қалаларынан кейін Түркістанда ашылғанына қуаныштымыз. Облыста тұрмыстық зорлық-зомбылық пен гендерлік теңдік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ведомствоаралық әрекет ету жүйесі сынақтан өтті және 2021 жылы Түркістан облысының тәжірибесі Орталық Азия елдеріне арналған кеңесте таныстырылды. Көршілес елдер тарапынан қызығушылық байқалды. Зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік-психологиялық қолдау жөніндегі өңірлік қызметтер құрылды. Ана мен бала құқығын қорғау, олардың дамуына жан-жақты жағдай жасалуда. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан тиісті қаржы бөлініп, облыста екі дағдарыс орталығы жұмыс істеп жатыр. Қосымша үш дағдарыс орталығын ашу жұмысы жүруде. ЮНФПА-ның техникалық қолдауымен тиімді жұмыстар атқарылып келеді», – деген Сәкен Қалқаманов ұйымдастырушы тарап – Канада елшілігіне, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестіруші кеңсесіне, ЮНФПА және БҰҰ өкілдеріне алғысын білдірді.


«Әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық – жаһандық проблема. Мұнымен үздіксіз күрескен жөн. Біз «Көмек» деген кризистік орталыққа бардық. Ол жердегі болашағына деген үміті бар және балаларына деген сүйіспеншілігі ерекше аналардың бейнесі бізді елжіретті. Аталмыш орталықтардың маңызы үлкен. Сондықтан сол жобаның басқарушыларына, облыс әкімдігіне және осындағы барлық әріптестеріме алғысым шексіз. Сондай-ақ осы көрмеге өздеріңіз әйелдер қауымы ғана емес, ер адамдардың да келгені маңызды екенін атап өткім келеді», –деді Қазақстандағы БҰҰ-ның тұрақты үйлестіруші Микаэла Фриберг-Стори.


Түркістан облысы көпбалалы аналар саны бойынша елімізде көш бастап тұр. Облыста әйелдер қауымы барлық салаларда жемісті еңбек етуде. Өңірде шамамен 145 мыңнан астам кәсіпкер болса, 45 мыңға жуық шағын және орта бизнеске әйелдер басшылық жасайды. Әсіресе, облыстағы қыз-келіншектердің басым бөлігі білім беру мен денсаулық саласында жұмыс атқарады.