​Түркістанда Халықаралық Қазақстан-Польша бизнес-форумы өтті

0
1 457

Қазақстан-Польша бизнес-форумына 20-ға жуық кәсіпкерлер мен компания өкілдері қатысты.


​Түркістанда Халықаралық Қазақстан-Польша бизнес-форумы өтті

Түркістан қаласында тұңғыш рет «Түркістан: польшалық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» атты Қазақстан-Польша бизнес-форумы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін Қазақстан-Польша бизнес-форумына келген шетелдік делегаттар құрамында экономика, ауыл шаруашылығы, телекоммуникация және машина жасау салаларында қызмет ететін 20-ға жуық кәсіпкерлер мен компания өкілдері қатысты. Делегацияны Польшаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Селим Хазбиевич бастап келді. Қонақтар Түркістан облысының кәсіп иелерімен кездесті.
«Түркістан» ӘКК» АҚ-ның филиалы «Turkistan Invest» компаниясы ұйымдастырған форум аясында қос тарап бірігіп жүзеге асыратын жобалар, экспорт пен импортқа қатысты мәселелер жайында сөз қозғады.

Кездесу барысында Түркістан облысы аумағында ауыл шаруашылығы саласындағы польшалық технологияларды ендіру туралы ұсыныс айтылды. Оның ішінде, шетелдік кәсіпкерлер су, сүт және сұйық майды құю бойынша бизнестердің дайын нұсқаларын таныстырды. Польшалық бизнес өкілдері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етумен қатар, жұмысшыларды оқытып, үйрететіндіктерін де жеткізді.
Іс-шара барысында екі тараптың кәсіп иелеріне арналған В2В форматындағы кездесулер ұйымдастырылды. Нәтижесі ретінде ынтымақтастықты ары қарай дамытып, оны нығайтуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды. Форумға қатысушылар бұл басқосудың қос елге де тиімді болатындығына, және де, жемісті нәтижелер беретіндігіне сенім білдірді.

Айта кетерлік жай, Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы 1 млрд. АҚШ долларынан астам соманы құрайды. Қазақстанға Польша фармацевтикалық, косметикалық өнімдер мен қантты тасымалдайды. Ал Қазақстан минералдық өнімдерді, көмір мен бидайды экспорттайды. Бүгінгі таңда елімізде 200-ден астам польшалық компаниялар қызмет етеді.