Түркістанда «Қорқыт туралы аңыз» спектаклінің премьерасы өтті

0
528

Қойылым кейіпкерлерінің ішкі сезімдерін би қимылдары арқылы баяндайды.


Түркістанда «Қорқыт туралы аңыз» спектаклінің премьерасы өтті

Түркістан музыкалық драма театрында «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі сахналанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан музыкалық драма театрында «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклінің премьерасы болды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен өнер және мәдениет майталмандары, зиялы қауым өкілдері және Түркістан қаласының өнерсүйер қауымы қатысты. Театр өнерінің туындысын тамашалауға Мәдениет және спорт вице - министрі Серік Жарасбаев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, жұртшылықты құттықтады. Түркістанды түркі әлемінің мәдени және рухани орталығына айналдыру жолында театрдың маңызы зор екенін айтып, өнер ұжымына алғыс айтты.


Қойылымда кейіпкер сөзі көп емес, өйткені бұл – пластикалық спектакль. Өзгеше айтқанда, артистер оқиғаны, қойылым кейіпкерлерінің ішкі сезімдерін би қимылдары арқылы баяндайды.


Сахналаудың пластикалық формасы - Түркістан жұртына әлі таныс емес деуге болатын әлемдік тенденция. Бұдан бөлек, пластикалық театр адамдар түрлі тілде сөйлесетін қоғамға арналған, ал би қимылдарын аудармасыз түсінуге болады.


Жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосы бойынша қойылған «Қорқыт туралы аңыз» атты пластикалық спектаклін белгілі ресейлік балетмейстер Константин Семенов сахналады. Композиторы – дарынды жас композитор Хамит Шанғалиев. Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова.


Қорқыт ата – түркі халықтарының ортақ рухани абызы, ойшыл, жырау, қобызшы. Қорқыт ата өмірде ізі, артында әдеби-музыкалық мұрасы қалған тарихи тұлға. «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклінде Қорқыт алып қарағаштан ойып қобыз жасайды. Әлемді қобыз үнімен әлдилеген бабамыз, көрген түсінен шошып, өлімнен қашады. Жерұйық мекенді іздейді. «Қайда барса да, Қорқыттың көріне» кезігіп, ақыры туған жеріне - дүниенің кіндігі саналатын Сыр-Дарияға оралады.


«Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклінде рөлдерде ойнайтын кәсіби балет әртістері: Еламан Әбдіқалық, Еркінбек Әубәкіров, Ақылай Сыдығалиева, Алина Ормонбек, Рустам Шайхов, Гүлжанат Қаламғазина сынды өнерпаздар. Шынайы декорация, шебердің қолынан шыққан сахналық киімдер, реквизиттер арнайы дайындалуымен ерекшеленеді.