Түркістанда өткелі жатқан "Яркокросс" марафоны желіде қызу талқыға түсті

0
1 883

Елдің пікірі екіге жарылды.


Түркістанда өткелі жатқан

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан қаласында өткізілуі жоспарланған "Яркокросс марафоны" әлеуметтік желіде қызу талқылануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қаласында алғаш рет Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен 10 тамыз күні "Яркокросс марафоны" сағат 19-00-де "Есімхан" алаңында өтуі жоспарланған болатын. Аталған мерекенің шарты бойынша қатысушылар ақ түсті киім киіп келу керектігі туралы әлеуметтік желілерге видеоролик тараған еді.

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов та осы "Яркокросс марафонын" қолдап өз facebook парақшасына #jastarjyly2019 #jastarjyly #ГүлденеберТүркістан хэштегімен видеороликті жүктеген болатын.

Аталған марафон әлеуметтік желіде бірінен қолдау тауып жатса, екінші тарап өз қарсылығын білдіруде. Қолдаушылардың бірі заңгер, блоггер, әлеуметтік желі балсендісі - Айгүл Орынбек.

"Біздің ел жастар арасындағы суицидтен бірінші орынға шықты. Оған бас қатырып жатқан бірде бір адам жоқ. Жастармен сыр бөлісіп, диалогқа түсіп, олардан не керек екенін сұрап жатқан шенеунік жоқ. Жастарды жалау ұстап, форумға айдап апарып "Нұр Отанды " қолдаймыз" деп шапалақ ұрғызып, күннің астына айқайлатып қойғанға үйренгенбіз. Ал біз жастардан сұрадық па? Сендердің жан дүниелеріңе не керек деп? Әрине жоқ! Бұндай бояу шашуды мен де ерсі көрдім басында біреудің таңсығы деп. Кейін жастар интернет арқылы әлемнің барлық өнерімен таныс және соған ұмтылатынын байқадым. Жастар өздерін таба алмай өзге ағымға кіреді, өзін таба алмай өздеріне қол жұмсайды. Ал біз "болашақ біздің жастар" деп айтқанмен іспен ешқандай іс-әрекет жасап жатқанымыз жоқ! Жастарды қолдау жылында ешқандай шектеуге қарамай, жастарға не ұнайды соны жасайық!", - дейді ол өз facebook парақшасына.

Дәл осы шараныңөтуіне философия және теология ғылымдарының докторы (PHD), профессор Досай Кенжетай да өз әлеуметтік желі парақшасында қарсы пікірін білдірген екен.

"Маған десең неге қою қараға боянып алмайсың! Мен маман ретінде сараптап отырмын. Бояу фестивалі сырттай қызықты көрінеді. Бірақ артында "кришна әлемі" бар. Бұл фестиваль ретінде жастарға еліктіргіш ықпал етері хақ. Нәтижесіне ешкім кепіл бола алмайды. Оны Батыстағы тәжірибе көрсетеді. "Батысқа кірген Кришна іздері" атты жаңа діндер эволюциясы атты оқулықты оқысаңыз көзіңіз жетеді... Менің фб да ерке қарындасым Айгүл Орынбек бояуға дінді араластырмаңыз деп жатыр. Шырағым ау онда "қара күйе", "қара жамылу", "қаралы күн" деген теңеулер мен тіркестер қайдан шықты? Бұл түсті бояулар болмысқа қатысы жоқ па? Жоқ әлде құндылыққа қатысы жоқ па? Қысқасы онсызда отпускідемін, қол бос...Түркістан қаласы әкімінің Кришнаның түрлі-түсті бояу фестиваль өткізуіне қарсы митингке шығуға ертең прокуратураға арыз жазам. Берсе жақсы... Нәтижесін айтам!", - деп жазды ол.

Түркістанда өтетін "Яркокросс марафонына" байланысты әлеуметтік желінің пікірі екі топқа бөлініп отыр. Жастар жағы шараға қолдау көрсетіп, оның өтуіне атсалысамыз деп пікір білдірсе, ортаңғы буын өкілдері мұндай мерекенің Түркістан қаласына керек емес екендігін айтып, пікір жазуда.

Аталған пікір талас әлеуметтік желіде резонанс туғыза бастады. Осыған байланысты Түркістан облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы назарына ілікті.

"Бұл мәселе назарға алынды. Тиісті xабарлама болады", деп жазды өз facebook парақшасында Бейсен Тәжібаев.

Осы қызу пікір таластан кейін Түркістан қаласы әкімдігінің әлеуметтік желі парақшасы мәлімдеме жасады.

"Құрметті түркістандықтар! Көптеген ескертулер түсуіне байланысты біз "Яркокросс" фестивалін тоқтатуға мәжбүрміз. Оның орнына әдеттегі марафон мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Басталуы 10 тамыз, сағат 19.00-де, Есімхан алаңы. Мәре Жеңіс саябағы. Марафонда жеңгендер мен жеңілгендер болмайды. Шараға кез келген адам қатыса алады. Ал басты мақсат - салауатты өмір салтын қолдау", - деп жазды Түркістан қаласы әкімі аппараты парақшасы.