Түркістанда пәтер ұрлығы 42%-ға төмендеген

0
680

Бұл туралы Түркістан қалалық полиция басқармасы өткізген 7 айдың қорытындысының баяндамасында мәлім болды.


Түркістанда пәтер ұрлығы 42%-ға төмендеген

Түркістандық тәртіп сақшылар тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ағымдағы жылдың тамыз айында Түркістан қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Ермек Өсербаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев, Түркістан ҚПБ кадр саясаты тобының инспекторы Сәбит Бахтыгалиев, Түркістан ҚПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция подполковнигі Бақдәулет Ауелбеков пен қаладағы учаскелік полиция инспекторлары киелі шаһар тұрғындарымен кездесті.

Кездесу барысында ЖПҚ бастығы Бақдәулет Ауелбеков 2019 жылдың 7 айына негізделген баяндамасын оқып анықталған әкімшілік құқықбұзушылықтарға кеңінен тоқталды. Қоғамдық ортадағы жасалған қылмыстар 12,8 %-ға, көшелерде жасалған қылмыстар 20,7%-ға, мас халде жасалған қылмыстар 9,1%-ға, қарумен жасалған 27,3%-ға, қарақшылық 50%-ға, тонау 56,85%-ға, бұзақылық 32,7%-ға, пәтер ұрлығы 42%-ға, төмендегенін айтып, тұрғындарға түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар, облыс орталығында рейдтік шаралардың күшейтілгенін жеткізген басшы, жыл басынан бері «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз аула», «Учаске», «Тұрмыс» секілді көптеген жедел алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылып, тұрақты түрде жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Жалпы жыл басынан бері полицейлер тарапынан 50 адамды жұмыспен қамту бойынша арнайы мекемеге ұсыныс жолданған. Сондай-ақ, 2 отбасы ата-ана құқығынан айырылған.

Жиын соңында полиция подполковнигі Ермек Өсербаев қала тұрғындарына алдағы оқу жылының басталғалы отырғандығын айтып, балалардың қауіпсіздігін бірлесе күшейтіп, заңсыздықтарға бармауға, қала тазалығын сақтап, заң аясында өмір сүруді дағдыға айналдыруға үйрену керектігіне тоқталды.

Кездесуге жиналған тұрғындар тарапынан сауалдар тыңдалып, пікірлер ортаға салынды.

«Мақсат жазалау емес, мақсат халықпен қарым-қатынасты күшейту» деген полиция басшылары кездесуге келген көпшілікке алғыстарын білдіріп, қоғам тыныштығы үшін бірлесе әрекет етуге шақырды.