Түркістанда «Rixos Khadisha» қонақүйінің іргетасы қаланды

0
2 378

Мерейлі мерекеге арналған салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы Түркістанның облыс орталығы атанғалы бері алғаш рет өтіп жатқан айтулы күннің ерекше екенін тілге тиек етті.


Түркістанда «Rixos Khadisha» қонақүйінің іргетасы қаланды

Түркістан қаласының қала күніне арналған мерекелік іс-шарасында «Rixos Khadisha» қонақүйінің іргетасы қаланып, «Royal Grand hotel» қонақ үйінің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Сонымен бірге, мейрам құрметіне орай «Арбат» алаңы бойында қолөнершілер көрмесі құрылып, онда облыстық тарихи-өлкетану және облыстық бейнелеу өнері музейлерінің «Түркістан – түркі әлемінің алтын бесігі» кеңейтілген экспозициясының көрмесі, Түркістан қаласының қолөнер шеберлерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Мұнда облыстық тарихи-өлкетану музейі 70-ке жуық экспонат ұсынса, облыстық бейнелеу өнері музейінің қала көрінісі мен табиғаты бейнеленген 90-ға жуық картиналары қойылған. Аймақ басшысы Ж.Түймебаев бастаған зиялы қауым өкілдері көрмені тамашалап, қолөнершілерге деген ризашылығын білдірді.

Мерейлі мерекеге арналған салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы Түркістанның облыс орталығы атанғалы бері алғаш рет өтіп жатқан айтулы күннің ерекше екенін тілге тиек етті. Әрі бұл атаулы күн жыл сайын дәстүрлі түрде тойланатындығын жеткізді.

Ақ жарма тілектен соң қаланың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан бірнеше азаматтар Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» және «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Марапаттау рәсімінен соң концерттік бағдарлама жергілікті және республикамызға танымал өнерпаздардың ән шашуына ұласты.

Мереке жалғасы этноауылдағы ұлттық спорттық ойындармен қыза түсті. Арқан тарту, қазақ күресі, асық ату, тоғыз құмалақ, гір тасын көтеру сынды ұлттық ойын түрлерінен жас өрендер бақ сынады. Жеңімпаз атанған жүлдегерлерге сый-сыяпаттар табысталды.

Шара соңы кешкі сағат 19.00-де мерекелік гала-концертпен жалғасып, көздің жауын алатын отшашумен қорытындыланбақ.