Түркістанда түрік компаниясы әуежай салады

0
1 520


Түркістанда түрік компаниясы әуежай салады

Түркістан облысында өткен халықаралық форумда өңір басшысы Түркістандағы халықаралық әуежайды түркиялық компания салатынын айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Түркістан – талай жылдар бойы қазақ хандығының және түркі әлемінің саяси ордасы, рухани астанасы болған шахар. Елбасымыз осынау көне қаланы облыс орталығы етіп, оны дамытуға ерекше ықылас танытып отырғаны белгілі. Бүгінде мемлекет тарапынан жалпы құны 2 млрд. АҚШ долларын құрайтын инвестиция құю жоспарланып отыр. Яғни, мұнда әуежай, әкімшілік - іскерлік орталығы және тұрғын үйлер бой көтеріп, Түркістан заманауи үлгідегі технология енгізілген ақылды қалаға айналатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде өңірдің экономикалық даму мүмкіндігіне қаныққан отандық және түрік компаниялары 100 млн. АҚШ долларынан асатын қаржы салып, 5 жұлдызды қонақ үйлер, ойын-сауық сауда орындары мен фитнес орталықтар ашуды көздеп отыр. Бүгінгі жиын өздеріңізбен осындай іскерлік қарым-қатынас орнатып, нығайтуға сеп болады деген сенімдемін», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сонымен қатар, Ж.Түймебаев жаңа облыс орталығында екі бірдей бес жұлдызды қонақүй тұрғызылатынын, Түркістанда елімізде теңдесі жоқ 200 гектарлық жылыжай құрылысы басталатынын да айты өтті. Ал, ертең түйе сүтін өңдейтін алып зауыт ашылады деп күтілуде.

Сондай-ақ, Жансейіт Түймебаев форумда Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша республикада алдыңғы қатарда екендігін де тілге тиек етті.

Айта кетейік, өткен жылы бұл мақсатта 482 млрд теңге қаржы құйылған. Енді тағы 4,8 млрд АҚШ долларын құрайтын 26 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Қазірдің өзінде оның 12-сі іске асырылып жатыр.